Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Жезқазғанда Құрметті металлург Сұлтанбек Елемесов туралы спектакльдің тұсаукесері өтті

Спектакль жазушы Төкен Әлжантегінің шығармасы негізінде қойылды. Спектакльдің бастамашысы Қазақстанның құрметті металлургы Төлеген Бүкіров болды. Өмірбаяндық спектакльдің жарыққа шығуына «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев демеушілік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Спектакль Металлург Сұлтанбек Елемесовтің Қарсақпай зауытынан Жезқазған мыс балқыту зауытына ауысқан кезінен бастап оның өмірі мен еңбек жолы туралы баяндайды. 1973 жылы 21 ақпанда ауысым шебері Жамбыл Ибраевтің басшылығымен Сұлтанбек Елемесов бастаған еңбеккерлер алғашқы Жезқазған қара мысын берді. Бұл оқиға қазақстандық металлургия тарихына мәңгілікке енді. Кейіннен Сұлтанбек Елемесов КСРО-ның құрметті металлургы атағымен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Премьераның көрермендері театр әртістерінің тарихи қойылымы мен актерлік шеберлігін жоғары бағалады. Спектакльді қою үшін режиссер Теміржан Жанботаев, ҚР халық әртісі Досжан Жанботаев, актерлер Жәнібек Арыстанбеков, Меруана Жанботаева және т. б. жұмыс жасады. Спектакль соңында құрметті металлург Төлеген Бүкіров барлық әртістер мен көрермендерді премьера сәтті шығуымен құттықтады. Ол сондай-ақ Сұлтанбек Елемесовтің немересіне атасына тиесілі алтын сағатты табыстады. 25 жыл бұрын Құрметті металлург Сұлтанбек Елемесов достық белгісі ретінде Төлеген Бүкіровке сыйға тартқан екен. Ал бүгін, жәдігер атақты Металлургтің отбасына оралды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылары қатысушыларды премьерамен құттықтап, театр қызметкерлеріне алғыс хаттар табыс етті.