Спорт және командалық рух: Қазақмыста Жазғы спартакиада өтті
24-26 тамыз аралығында Қазақмыста Кеншілер мен байытушылар күніне арналған Жазғы спартакиада – 2026 өтті. Спорт мерекесіне компанияның түрлі кәсіпорындары мен бөлімшелерінен келген 400-ге жуық қызметкер қатысты.

Жарыс командалық спорттың үш түрі – футбол, волейбол және баскетбол бойынша өткен іріктеу кезеңінің қорытындысы болды. Ал жеке спорт түрлерінен қатысушылар үстел теннисі, шахмат, қол күресі және жүзуден сынға түсті. Жалпы, Спартакиада бағдарламасына спорттың жеті түрі енгізілді.

Марапаттау рәсімінде Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков Қазақмыс жұмыскерлерінің спорттық дайындығы мен командалық рухын ерекше атап өтті.
«Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жеңістеріңіз – табандылықтың, тұрақты жаттығудың және командалық жұмыстың нәтижесі. Барлық қатысушыларға адал бәсекеге түсіп, жеңіске деген жігері мен қарсыласына деген құрметін паш еткені үшін алғыс айтамын. Алда сіздерді жаңа спорттық жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін», – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Сондай-ақ ол, Қазақмыс үшін бұл – жай ғана спорттық жарыс емес, қызметкерлердің денсаулығына салынған инвестиция екенін атап өтті. Сондықтан компания басшылығы әлеуметтік дамуға және қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі.
Барлық қатысушыларға арналған бірыңғай салтанатты және ойын формасының енгізілуі биылғы спартакиададағы жаңашылдықтың бірі болды. Бір үлгіде әзірленген спорттық киім қатысушылардың Қазақмыстың үлкен командасының мүшесі екенін айшықтай түсті. Кәсіпорнына қарамастан, барлық қызметкерлер бірыңғай бренд атынан өнер көрсетіп, командалық рух пен корпоративтік бірлікті паш етті.

Спартакиаданың айрықша нышандарының бірі – спорт мерекесіне арнайы әзірленген «Қазақмыс» бірегей медалі болды.
Жарыс қорытындысы бойынша футболдан Kazakhmys кубогын «ЖОФ» командасы, ал Namys кубогын «ЖМЗ-1» командасы жеңіп алды. Үздік қақпашы – «Цифрландыру қызметінің» өкілі Жасұлан Исабеков. Үздік ойыншы атағына «ЖОФ» командасының ойыншысы Бақтыгелді Макібай ие болды. Үздік сұрмерген атанған – «Транко» командасынан Әсет Мағзумов, ал үздік қорғаушы – «Батыс» кенішінің ойыншысы Жасұлан Байділдә.

Волейболдан Kazakhmys кубогын «БМЗ» командасы иеленсе, Namys кубогы «КОФ» командасына бұйырды. Үздік ойыншы – «ЖОФ» командасының өкілі Арстанбек Абдіқаиров. Үздік шабуылшы – Сағынай Сержан (ЭРСУ). Үздік байланыстырушы ойыншы атағын Мағжан Сатыбалды (НТКО) иеленсе, үздік либеро атанған – «БМЗ» командасының ойыншысы Еркебұлан Амандық.
Баскетболдан жеңімпаз атанған «БМЗ» және «Восток» командалары тиісінше Kazakhmys және Namys кубоктарын жеңіп алды. Үздік ойыншы – Бахтияр Шынарбек («БМЗ»). Үздік қорғаушы – Бақытбек Ибраев («ЖМЗ»). Үздік шабуылшы атағы «Батыс» командасының ойыншысы Самат Жапаровқа бұйырды. Ал ең үздік мерген – КМС командасының өкілі Александр Сушков.

Қол күресінен 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын жүлдені Ғалым Қожаберген (JTKO-1) жеңіп алды. Күміс жүлде Жанболат Нұрдулаевқа («Барлау»), қола жүлде Медет Айтмағанбетовке («ЖМЗ») бұйырды. 80 келіден жоғары салмақта үздік атанған – Мирас Қожабаев («ШПТ»). Екінші орынды Ерасыл Әмірғали (КМС), үшінші орынды Санжар Саятов («БМЗ») иеленді. «Болат білек» атағына Марғұлан Мұқан (QTKO) ие болды.
Жүзуден командалық есепте бірінші орынды КМС командасы иеленді. Екінші орынға «БМЗ» жүзушілері, үшінші орынға «КМЗ» командасы жайғасты. Жекелей сында ерлер арасында үздік жүзуші атанған – Айдос Нұғымат (КМС), ал әйелдер арасында жеңімпаз – Сәния Төлебаева («Мэйкер»). «Бон Аква мырза» және «Бон Аква аруы» атақтары Жасұлан Серікбаев (QTKO) пен Асель Арыстановаға (JTKO) берілді.

Үстел теннисінен командалық есепте үздік үштікке JTKO-1, «ЖМЗ» және «Мэйкер» командаларының спортшылары енді. Жекелей сында әйелдер арасында алтын жүлдені Кристина Герберсгаген (JTKO-1) жеңіп алды. Ерлер арасында үздік теннисші – Ерасыл Әмзебек (JTKO-1). «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясының жеңімпазы – Болат Токбаев («БМЗ»), ал «Құрметті ойыншы» номинациясын Асель Габасова (JTKO-2) иеленді.
Шахматтан жинаған ұпай саны бойынша үздік команда – JTKO-1. Екінші орынды «БМЗ» командасының зияткерлері, үшінші орынды JTKO-2 командасы иеленді. Жекелей сында ерлер арасында Әлібек Нұрмағамбетов (БМЗ) жеңімпаз атанды. Әйелдер арасында үздік шахматшы – Рауана Төкейбекова (JTKO-2). «Жеңіске деген жігері үшін» (командалық) номинациясында «Барлау» командасы жеңіске жетті. «Жеңіске деген жігері үшін» жеке номинациясының иегері – Ақнұр Шағатаева (JTKO-1). Ал үздік шахматшы атағына Ғалым Жандаулетов («ЖМЗ») ие болды.

Жазғы спартакиада қызметкерлерге қайсар мінезі мен табандылығын танытуға және ортақ мақсат жолында еңбек етіп келе жатқан біртұтас команданың бір бөлшегі екенін сезінуге мүмкіндік берген спорттық мерекеге айналды. Қазақмыс спортты тек жарыс пен жүлде ғана емес, жұмыскерлердің денсаулығын нығайтып, командалық рухты қалыптастыратын, сонымен қатар жаңа таныстыққа жол ашып, жеке дамуға мүмкіндік беретін маңызды құндылық ретінде бағалайды.
Спартакиада іс-шараларынан түсірілген фотосуреттерді сілтеме арқылы жүктеп алуға болады:



