Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыстың Қауіпсіздік қызметі компания мүлкін ұрлау фактісін анықтады

Корпоративтік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыс аясында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Қауіпсіздік қызметі компанияға тиесілі жеке қорғаныс құралдарының ұрлану дерегін анықтады.

Жүргізілген іс-шара барысында №67 «Батыс» кен орнында қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген мердігер ұйымның қызметкері жалған тауар-көлік жүк құжатын пайдаланып Ultra-210 маркалы респираторларды жымқырғаны анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 2 131 426 теңгені құрады.

Ішкі тексеру материалдары дереу құқық қорғау органдарына тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті өз кінәсін толық мойындап, компанияға келтірілген материалдық залалды толық көлемде өтеді және кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасты.

Қылмыстық істі қарау нәтижесінде Сәтбаев қалалық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, оған пробациялық бақылау белгілей отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ сотталушы заңнамада көзделген міндетті төлемді жәбірленушілердің өтемақы қорына төлеуге міндеттелді. Тәркіленген мүлік заңды иесіне қайтарылды.

«Қазақмыста» корпоративтік активтерді қорғау, заң талабын сақтау және өндірістік үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету компанияның корпоративтік саясатының ажырамас бөлігі екені атап өтілді. Компанияда ұрлық, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық және өзге де кез келген заңсыз әрекетке залал мөлшері мен қылмысқа қатысы бар тұлғалардың лауазымына қарамастан заң талабына сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі.

Компания заң талабы мен корпоративтік әдеп қағидасын бұзудың кез келген көрінісіне мүлде төзбеушілік қағидатын берік ұстанады. Заңға қайшы әрекет анықталған жағдайда материал дереу уәкілетті мемлекеттік органға жолданып, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар «Қазақмыс» корпоративтік қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді және ішкі бақылау тетігін дамытуды жалғастыруда. Компания қызметкерлері мен мердігер ұйымдарға ұрлық, сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылық туралы SENIM жедел желісі (Қазақстан бойынша тегін: 8-800-080-80-89) арқылы құпия түрде хабарлауға болатыны туралы еске салады.