Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Шатыркөл байыту фабрикасы «Қазақмыс» корпорациясының құрамына кірді

2026 жылғы 1 маусымнан бастап Шатыркөл байыту фабрикасы ресми түрде  «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС құрамына кірді.

Кәсіпорынды интеграциялау бірыңғай өндірістік стандарттарды енгізуге, компанияның өндірістік алаңдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және жұмыстың тиімділігін арттырып, кадрлық әлеуетті дамытуға қосымша мүмкіндік береді.

Фабриканың корпорация құрамына қосылуы қарсаңында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Саят Бакиров кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында жұмыскерлерге корпорация құрамындағы өндірістік қызметті ұйымдастырудың негізгі тәсілдері, еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері, персоналды әлеуметтік қолдау шаралары, сондай-ақ кәсіпорынның одан әрі даму перспективасы таныстырылды.

Саят Бакиров фабриканың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, өндірістік әлеуетін сақтау және жұмыскерлердің кәсіби дамуына жағдай жасау компанияның негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Еңбек қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Кездесу қатысушыларына корпорацияда іске асырылып жатқан еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бағдарламалар туралы айтылды. 2026 жыл Қазақмыста Қауіпсіздік жылы болып жарияланды, сондықтан бұл бағыт компанияның барлық өндірістік активтері үшін сөзсіз басымдық болып қала береді.

Фабрика жұмыскерлері басшылыққа өндірістік үдеріс, еңбек жағдайы, әлеуметтік кепілдіктер және кәсіпорынның корпорация құрамындағы жұмысына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Шатыркөл байыту фабрикасының компания құрылымына енуі кәсіпорынның дамуына серпін беріп, өндірістік әлеуетін нығайтуға және бірыңғай корпоративтік стандарттарды енгізуге жол ашатын маңызды қадам болды.