Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Саят Бакиров «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының бас директоры болып тағайындалды

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығының шешімімен Саят Бакиров «Qaragayly Tau-ken ondirisi» біріккен филиалының бас директоры болып тағайындалды.



Бүгінгі таңда «Qaragayly Tau-ken ondirisi» мен «Nurqazgan Tau-ken ondirisi» филиалдарын біріктіру арқылы қайта ұйымдастыру жұмысы жүргізілді. Біріккен кәсіпорын «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалы бірыңғай атаумен өз жұмысын жалғастыруда. Алдағы уақытта филиалдың атауын «Qaragandy Tau-ken ondirisi» деп өзгерту жоспарланған.



Кәсіпорын ұжымына жаңа басшыны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Мұқан Үңгітбаев таныстырды. Ол Саят Бакировтың өндіріс саласындағы мол тәжірибесіне тоқталып, оның басшылығымен біріккен филиалдың табысты дамитынына сенім білдірді. Сондай-ақ кәсіпорындарды біріктіру басқару тиімділігін арттыруға, өндірістік үдерісті жетілдіруге және компанияның стратегиялық міндеттерін іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Саят Бакиров 1978 жылы Қарағанды облысының Сарыкеңгір кентінде дүниеге келген. 2000 жылы О.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша тәмамдады. Ал 2017 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде «Экономика» мамандығы бойынша экономика және бизнес бакалавры дәрежесін алды. «Қазақмыс» жүйесінде еңбек жолын 1997 жылы Шығыс Жезқазған кенішінде бастаған.



30 жылға жуық еңбек жолында жер асты кешенінің қарапайым жұмысшысынан бастап, ірі өндірістік бөлімшелер басшысы және Корпорацияның топ-менеджері деңгейіне дейін көтерілді. Әр жылдары Саят Бакиров Оңтүстік Жезқазған кенішін, «Жезқазғантүстімет», «Балқаштүстімет» және «Қарағандытүстімет» өндірістік бірлестіктерін басқарды. Сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның техникалық директоры, «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС бас директоры және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.



Көпжылдық адал еңбегі және тау-кен өндірісі саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Саят Шарафиденұлы бірқатар салалық наградалармен марапатталған. Олардың қатарында І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгілері, «Құрметті кенші» атағы, сондай-ақ «Қазақстанның алғашқы мысы» төсбелгісі бар. Саят Бакировтың біріккен филиалдың бас директоры болып тағайындалуы өндірістік кешеннің одан әрі дамуына, компанияның стратегиялық жобаларының тиімді жүзеге асырылуына және Корпорацияның өндірістік әлеуетінің нығаюына ықпал етеді.