Зор ықыласпен қамқорлыққа бөлеген
01.06.2021
Биыл компанияның әлеуметтік қызмет жұмыскерлері Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында отыздан астам отбасына барды. Балаларға қуаныш сыйлап, тәтті сыйлықтар мен ойыншықтар табыс етілді, сондай-ақ Қазақмыстың жұмыскерлері бұл отбасылардың неден мұқтаждық көріп отырғандарын біліп қайтты. Компанияның әлеуметтік саясаты әртүрлі тіршілік жағдайларында көмек қолын созуды көздейді және бұл мереке – балалар мен жасөспірімдерге зор ықыласпен қамқорлық танытудың бір себебі. Корпорация ата-анасы өндірісте қайтыс болған балаларға әрқашан ерекше көңіл бөледі. Осы ұл-қыздар мыңдаған өкілі бар корпорацияның ұжымы мен басшылығының қолдауын сезініп, болашаққа нық сеніммен қарай алады. Өз кезегінде, көңіл бөлінген отбасылар қонақтарға ризашылықтарын білдірді. - Аймақтағы барлық балаларды осы жарқын мерекемен құттықтаймын! Балаларымыздың балалық шағы алаңсыз, болашағы жарқын болсын, бізге әрқашан қуаныш сыйласын! «Қазақмыс» біздің балаларымызды ешқашан ұмытпайды, қамқорлық көрсетеді, бұл корпорацияның аса құнды қасиеті», – деп өз қуанышымен бөлісті аналардың бірі Ақнұр Ибрагимова.



