Руслан Өскенәлі ТМК-ны дамыту жөніндегі Іскерлік кеңестің отырысында «Әділет» партиясының қатарына өтті
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселелеріне арналған «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің отырысына қатысты. Жиынға партия төрағасы Айбек Дәдебай, саланың жетекші кәсіпорындарының басшылары, мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Отырыста шикізатты терең өңдеуді дамыту, отандық кәсіпорындарды жаңғырту, тау-кен металлургия кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инженерлік кадрларды даярлау, инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамытуға қолайлы жағдай жасау мәселелері негізгі тақырып ретінде қаралды.
Жиында сөз сөйлеген Руслан Өскенәлі тау-кен металлургия саласын одан әрі дамыту мемлекет пен бизнестің және қоғамның сындарлы өзара іс-қимылынсыз мүмкін емес екенін жеткізді.

«Бүгінгі таңда отандық өнеркәсіп алдында өндірісті жаңғырту, шикізатты терең өңдеуді дамыту, заманауи технологияларды енгізу және білікті маман даярлау сияқты ауқымды міндеттер тұр. Оларды табысты жүзеге асыру мемлекет пен бизнес арасында тұрақты әрі ашық диалог орнатуды талап етеді. «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті Руслан Өскенәлі.
Отырыс барысында бизнес өкілдері тау-кен металлургия кешенін дамытуға қатысты бірқатар жүйелі мәселелерді көтерді. Қатысушылардың ұсыныстары жүйеленіп, өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру жөніндегі «Әділет» партиясының бастамалар пакетіне енгізіледі.

Отырыстың қорытындысы бойынша Руслан Өскенәлі «Әділет» партиясының қатарына қабылданды. Партия төрағасы Айбек Дәдебай оған партия мүшесінің билетін табыстады. Руслан Өскенәлі Іскерлік кеңесті қалыптастыру аясында партия қатарына өткен тау-кен металлургия саласының алғашқы өкілдерінің бірі болды.
«Қазақмыс» компаниясында атап өткендей, компанияның сараптамалық және қоғамдық-іскерлік алаңдардың жұмысына қатысуы тау-кен металлургия кешенін дамытуға, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді.



