Руслан Өскенәлі еңбек ұжымымен өткен кездесудің қорытындысы бойынша жұмыс кеңесін өткізді
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі компания кәсіпорындарының жұмыскерлерімен өткен кездесудің қорытындысы бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Кездесу барысында еңбек ұжымының өкілдері көтерген ұсыныстар мен мәселелер қаралды.

Басқарма төрағасының тапсырмасына сәйкес, жұмыскерлердің өтініштерін қарау үшін арнайы Жұмыс комиссиясы құрылды. Оның құрамына компанияның негізгі бағыттарына жауапты басшылар, кәсіподақ өкілдері және кеніштер мен шахталардың, сондай-ақ сервистік бөлімшелердің еңбек ұжымдарының өкілдері кірді. Комиссия бір ай бойы жұмыс істеп, апта сайын жұмыскерлердің өкілдерімен кездесу өткізетін болды.
Руслан Өскенәлі көтерілген мәселелер формалды түрде қарастырылып қана қоймай, нақты шешімін табуы тиіс екенін айтты.
Еңбек ұжымдарымен кері байланысты күшейту мақсатында барлық деңгейдегі басшылардың «Қабылдау күндерін» қайта жандандыру, желілік басшыларды дамыту, өндірістік аралау тәжірибесін кеңейту және жұмыскерлермен өндіріс алаңында тұрақты кездесу өткізу ұсынылды.
Кадрлық қамтамасыз ету, еңбек демалысын жоспарлау, жұмыс уақытын есепке алу, материалдар мен қосалқы бөлшектерді сатып алу, сондай-ақ еңбекақыны есептеуде ашықтықты арттыру мәселелері бойынша жеке тапсырма берілді. Аталған бағыттардың әрқайсы бойынша нақты ұсыныс әзірленеді.
Қауіпсіздік және еңбек жағдайы мәселесіне ерекше назар аударылды. Өндірістік нысандарды қосымша аралау, жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің жеткіліктілігін тексеру, сондай-ақ еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелері бойынша ішкі коммуникацияны күшейту тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Руслан Өскенәлі компания қабылданған шешімдерді практикалық тұрғыдан іске асыру кезеңіне өтетінін, сондай-ақ жұмыскерлер көтерген мәселенің барлығы басшылықтың жеке бақылауында болатынын жеткізді.



