Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Руслан Өскенәлі «Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздікті арттыру бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапарымен «Жомарт» кенішіне барып, өндірістік жұмыстың барысымен және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған іс-шаралардың жүзеге асырылуымен танысты. Бүгінде кеніште шамамен 1 200 адам жұмыс істейді. Мұнда жылына шамамен 3 845 мың тонна кен өндіріледі.

Жұмыс сапары барысында Руслан Өскенәлі бұрғылау және кен өндіру учаскелерінде болып, өндірістік үдерістің ұйымдастырылуымен, жабдықтың жай-күйімен және қауіпсіздік талабының сақталуымен танысты.

Кеніш атмосферасын тұрақты бақылау жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Стационарлық газ талдағыштар тәулік бойы ауа құрамын қадағалап, алынған деректі нақты уақыт режимінде бірыңғай диспетчерлік орталыққа жібереді. Бұған қоса кеніште 130 портативті газ талдағыш қолданылады.

Өздігінен жүретін жерасты техникасына стационарлық газ датчигі – метан-реле орнатылуда. Қазіргі уақытта 31 құрылғы орнатылды, тағы 31 техникаға монтаждау жұмысы жүргізілып жатыр. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін 62 техника бірлігі метанды автоматты бақылау жүйесімен жабдықталады. Метан концентрациясы белгіленген шекті деңгейге жеткен кезде жүйе жабдықтың жұмысын автоматты түрде бұғаттайды.

Кеніштің желдету жүйесін жаңғырту жұмысы жалғасуда. Негізгі желдету қондырғыларына күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін оның өнімділігі секундына 200 текше метрге артты. 600 метрге дейінгі тереңдікке таза ауа жеткізуге арналған жаңа желдету ұңғымасын бұрғылау жұмысы аяқталды. Сонымен қатар биыл жекелеген тау-кен қазбаларын оқшауланған желдетумен қамтамасыз етіп, желдету жүйесінің тұрақтылығын арттыратын үшінші желдету оқпанының құрылысы жалғасын табуда.

Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – ғылыми-техникалық және геомеханикалық сүйемелдеу. Кеніште газдың бөлінуі, тау жынысы массивінің жағдайы, сондай-ақ су мен кеннің құрамы бойынша зерттеу жүргізу үшін осы саладағы ғылыми және сараптамалық ұйымдар тартылды. 2026 жылғы шілдеде жерасты тау-кен қазбаларының жай-күйін бақылаудың қолданыстағы құралдарын толықтыратын бірыңғай цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесі іске қосылды.

Жұмыскерлердің орналасқан жерін бақылау жүйесі де жетілдірілуде. Кеніште позициялау және апаттық хабар беру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ететін ұзындығы 15,5 шақырым сәуле таратқыш кабель пайдаланылады.

Барлық іс-шара өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама 45 іс-шараны қамтиды, бүгінгі таңда оның 39-ы орындалды. Бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаржының жалпы көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды.