Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Руслан Өскенәлі бригадирлермен Оңтүстік Жезқазған кенішін дамыту мәселесін талқылады

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған кенішінің бригадирлерімен жұмыс кездесуін өткізді. Талқылауға бейінді бөлімшелердің басшылары, кеніш дирекциясы және кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты.

Кездесу ашық диалог форматында өтті және өндірістік үдерісті ұйымдастыру, техникалық жарақтандыру, кадрлық қамтамасыз ету, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен жұмыскерлердің еңбек жағдайы мәселелеріне арналды.

Кездесу барысында Руслан Өскенәлі кәсіпорын жұмысындағы бригадирлердің ерекше рөлін атап өтті.

«Бригадир кәсіпорын жұмысында маңызды рөл атқарады. Сіздер басшылық пен еңбек ұжымы арасындағы байланыстырушы буын ретінде күнделікті тиімді коммуникацияны қамтамасыз етіп, өндірістік міндеттердің сапалы орындалуына үлес қосып келесіздер», – деп атап өтті Басқарма төрағасы.

Өндірістік учаскені кадрмен қамтамасыз ету мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды. Ұсыныстарды қарау қорытындысы бойынша жерасты кеніштерінде кесімді жалақы жүйесімен еңбек ететін жұмысшылар санын 103 штаттық бірлікке көбейту туралы шешім қабылданды. Бұл шара бригадаларға түсетін жүктемені азайтуға, өндірістік үдерістің тұрақтылығын арттыруға және еңбек демалысы мен уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңінде жұмыскерлерді тиімді алмастыруға мүмкіндік береді.

Жабдықтың техникалық жағдайына ерекше назар аударылды. Кездесу барысында жерасты көлігін күрделі жөндеу, рельстік инфрақұрылым элементтерін жаңарту және кеніштің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту жоспары қаралды.

Желдету және өндірістік қауіпсіздік мәселелері басым міндеттер қатарында сақталып отыр. Жекелеген деңгейжиектерде жергілікті желдетуді қамтамасыз ететін қосымша желдеткіштер іске қосылды. Тау-кен қазбаларында ауа алмасу режимін жақсарту және желдету тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар кадр даярлау және оқыту мәселелері талқыланды. Білім беру бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру мақсатында компания қашықтан оқыту модулін практикалық сабақпен және мамандардың міндетті кері байланысымен үйлестіретін гибридті оқыту форматын енгізуде.

Кездесуді қорытындылай келе Руслан Өскенәлі жұмыскерлердің ұсынысы кәсіпорындарды дамытуға бағытталған шешімге оң ықпал ететінін атап өтті. 

Оның айтуынша, бригадирлермен тұрақты кездесу өткізу тәжірибесі жалғасын табады және компания басшылығы мен өндірістік ұжым арасындағы тікелей кері байланыстың негізгі құралдарының біріне айналады.