Қазақмыс басшылығы кәсіподақ өкілдерімен кездесті
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков компанияның кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен жұмыс кездесуін өткізді. Жиынға Басқарма төрағасының орынбасарлары мен Қазақмыстың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары да қатысты.

Тараптар өзара іс-қимылды дамыту, еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әлеуметтік бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұған дейін қабылданған шешімдердің орындалуына және еңбек ұжымынан түскен өтініштерге ерекше назар аударылды.
2026 жылдың тоғыз айында Қазақмыс басшылығы кәсіподақ өкілдерімен 10 кездесу өткізіп, 118 мәселені қарады.

Қазіргі уақытта компанияда алты кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олар: «КәсіпҚорған», Enbek, «Әділетті жол», QAZAQMETAL КАSYPODAGY, «Достойный труд» және Arlan.
Қазақмыс кәсіподақтармен тұрақты диалогты әлеуметтік әріптестіктің және еңбек жағдайын жақсарту мен жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмыстың маңызды бөлігі ретінде қарастырады.




