Руслан Өскенәлі Балқашта шикізатты қайта өңдеу және жұмыс орындарын құру жобаларымен танысты
«Қазақмыс» Тобының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапары аясында Балқаш қаласындағы компанияның өндірістік нысандарын аралады. Негізгі назар өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға, мысты бөліп алудың жаңа технологияларын енгізуге және қызметкерлер үшін арнайы жұмыс орындарын құруға аударылды.

«Kazakhmys Progress» ЖШС алаңында компания басшысына металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу және селен өнімдерін өндіру нәтижесі таныстырылды. 2026 жылдың тоғыз айында кәсіпорын 1 134 тонна шлак пен 64,9 тонна қара селенді қайта өңдеген. Алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейту және қайталама шикізаттың қосымша көлемін өндірістік циклге тарту жоспарланып отыр.

Қоңырат кен орнында Руслан Өскенәлі карьер сулары мен тотыққан кендерден мыс алу жөніндегі гидрометаллургиялық жобамен танысты. Құйындық электролиз технологиясын қолдану карьер суларынан тауарлық мыс алуға мүмкіндік береді. Кейінгі кезеңде тотыққан кендерді үйінділік шаймалау әдісімен қайта өңдеу көзделген. Жобаны іске асырудың бүкіл кезеңінде өндірілетін мыстың жалпы көлемі 15,6 мың тонна болады деп бағаланып отыр.

Сондай-ақ Басқарма төрағасы 15 арнайы жұмыс орны ашылған жаңа тігін цехын аралады. Цех жылына 86 мыңнан астам бұйым шығара алады. Оның ішінде Қазақмыстың өндірістік бөлімшелеріне арналған арнайы жұмыс киімдері мен жеке қорғаныс құралдары бар.
Бұл жобаларды жүзеге асыру өндірістік ресурстарды тиімді пайдалануды арттыруға, жаңа технологияларды дамытуға және компания жұмыскерлерін жұмыспен қамтудың қосымша мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.











