Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

«Қазақмыс» Тобының басшылығы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

Жеңіс күні қарсаңында «Қазақмыс» Тобының басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін және олардың компания жұмыс істейтін өңірлердегі отбасын құттықтады. Дәстүрге айналған игі бастама аясында компания өкілдері ардагерлердің үйіне арнайы барып, жылы лебіз білдірді және атаулы қолдау шарасын табыстады.



9 мамыр – халықтың қайсар рухының, жанкешті ерлігі мен бірлігінің нышаны. Компанияда ардагерлердің ерлігін ұлықтау және аға буынға құрмет көрсету корпоративтік және қоғамдық құндылықтың ажырамас бөлігі болып саналады.

2026 жылы «Қазақмыс» Тобы ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шарасын күшейтті. Жекелеген санат бойынша материалдық көмектің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2-3 есе артты. Сонымен қатар оларға компания жұмыс істейтін өңірлерде азық-түлік жиынтығы үлестірілді. Жалпы алғанда 181 ардагер мен тыл еңбеккеріне қолдау көрсетілді.



«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасының орынбасары Саят Бакиров, «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов және компанияның өндірістік бөлімшелерінің басшылары ардагерлерге құттықтау сөз арнады.



Компания өкілдері арнайы барған ардагерлердің қатарында Шығыс Жезқазған кенішінде 52 жылдан астам еңбек еткен, «Қазақмыс» компаниясының Құрметті еңбек ардагері және Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы атақтарының иегері, тыл еңбеккері Зейнеп Әбілбекова бар. Сондай-ақ еңбек жолын Қарсақпай мыс қорыту зауытында бастап, металлургия саласының дамуына сүбелі үлес қосқан тыл еңбеккері Мұқаш Жангильдин компания өкілдерінің жылы лебізін қабыл алды.



«Қазақмыс» Тобында мұндай игі бастамалар әлеуметтік қолдау шарасы ғана емес, елдің өркендеуі мен бейбіт өмірдің сақталуына өлшеусіз үлес қосқан аға буынға деген зор құрмет пен шынайы алғыстың белгісі екені айтылады.