Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

«Жомарт» кеніші 20 жылдық мерейтойын атап өтті

27 тамызда «Жомарт» кенішінің ұжымы кәсіпорынның 20 жылдығын атап өтті. Кеншілер мен байытушылар күні қарсаңында ұйымдастырылған мерейтой кеніш жұмыскерлері мен өндіріс ардагерлері және Жезқазған өңірі үшін маңызды оқиғаға айналды.



«Жомарт» кеніші Жаман-Айбат кен орнының базасында құрылып, жиырма жыл ішінде қалыптасу, даму және өндірістік әлеуетін нығайту жолынан өтті. Кеніштен алғашқы кен 3 наурызда өндірілді — бұл күн кәсіпорын тарихының бастауы болды. Бүгінде «Жомарт» «Қазақмыс» корпорациясының маңызды өндірістік активі болып табылады және еліміздегі тау-кен металлургия кешенінің тұрақты жұмысына үлес қосып келеді.



Ұжым алдында сөйлеген сөзінде Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков 20 жыл жай ғана уақыт межесі емес, бірнеше буынның күнделікті еңбегінің, кәсіби шеберлігінің, төзімділігі мен жоғары жауапкершілігінің нәтижесі екенін атап өтті.

«Әрбір өндірістік көрсеткіштің артында адамдар тұрады. Олар – кеншілер, үңгілеушілер, машинистер, инженерлер, геологтар, энергетиктер, техникалық қызмет мамандары және кеніштің барлық жұмыскерлері. Олардың еңбегі, кәсіпке адалдығы және біртұтас команда болып жұмыс істей білуі Жомарттың тарихын қалыптастырды», — деді Бақылау кеңесінің төрағасы.



Жер астындағы жұмыс кәсіби біліммен қатар тәртіпті, батылдықты және қауіпсіздік мәселесіне тұрақты назар аударуды талап етеді. Кеніште өндірістік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып, тау-кен жұмысын қауіпсіз жүргізуге арналған заманауи шешімдер енгізілуде. Атап айтқанда, кәсіпорын желдету жүйесін және тау жынысы массивінің жай-күйін цифрлық бақылау жүйесін дамытуда. Бұл тәуекелді жедел бағалауға және дер кезінде инженерлік шешім қабылдауға мүмкіндік береді.



«Жомартта» өндірілетін кен Қазақмыстың өндірістік тізбегіндегі маңызды буын болып саналады: оны қайта өңдеу металлургия саласының тұрақты жұмысына және Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Мерейтой күні кеніштің бастауында тұрған ардагерлерге, сондай-ақ әр жылдары оның дамуына үлес қосқан барлық жұмыскерлерге ерекше алғыс айтылды. Ұрпақ сабақтастығы, кенші еңбегіне құрмет және өндірістік дәстүрге адалдық кәсіпорын мәдениетінің маңызды бөлігі болып қала береді.



Кеніш ұжымына зор денсаулық, амандық, қауіпсіз еңбек, ертеңгі күнге сенім мен жаңа жетістік тіленді.

«Жомарт» кенішінің 20 жылдығы — еңбек адамының, оның кәсіби шеберлігінің, табандылығының және ортақ мақсат жолындағы бірлігінің жарқын үлгісін айшықтайтын айтулы белес.