Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыстың Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасына – 60 жыл

Жезқазған өңірінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның негізгі сервистік-өндірістік бөлімшелерінің бірі – Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасының (МЖМБ) 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Айтулы мерейтой кеншілер мен байытушылардың кәсіби мерекесімен қатар атап өтілді.

Алпыс жыл бойы МЖМБ ұжымы өнеркәсіптік жабдықты жөндеу, қалпына келтіру, техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ металл құрылымдарын дайындау бойынша күрделі міндеттерді абыроймен атқарып, тау-кен металлургия кешенінің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде МЖМБ – уақыт сынынан өткен кәсіби шеберлік мектебі, ұрпақ сабақтастығы мен жоғары командалық рухтың берік ордасы.

«Сіздер өндірістік тізбектің сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, күрделі жөндеу мен техникалық қызмет көрсету міндеттерін жоғары кәсіби деңгейде атқарып келесіздер. МЖМБ-ның тарихы, дәстүрі мен жетістігі айрықша құрметке лайық», – деді құттықтау сөзінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Салтанатты шара барысында өндіріс озаттары, еңбек ардагерлері мен белсенді қызметкерлер ерекше құрметке бөленді. МЖМБ мамандарына ведомстволық наградалар табысталып, үздік жұмыскерлер мен бригадаларға жарақатсыз жоғары өндірістік көрсеткішке қол жеткізіп, ұйымшылдық танытқаны үшін ақшалай сертификат табысталды. Еңбек әулеттеріне, жас мамандарға және көп жылдық еңбек өтілі бар ардагерлерге де айрықша құрмет көрсетілді. Сонымен қатар еңбегімен ерекшеленген 80-нен астам жұмыскер компания басшылығының атынан бағалы сыйлыққа ие болды.