Селенді қайта өңдеу технологиясы мемлекеттік сыйлыққа ие болды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтарды беру туралы Жарлыққа қол қойды. Биылғы лауреаттардың қатарында – «Қазақмыс» корпорациясының өкілдері де бар.

Жоғары мемлекеттік марапатқа кешенді технологияларды дамыту және инвестицияларды жоспарлау департаментінің директоры, техника ғылымдарының докторы Ержан Оспанов пен техногендік шикізатты кешенді қайта өңдеу басқармасының басшысы Александр Шахалов ие болды.
Түсті металлургияның стандартқа сай емес шикізатынан маркалы селен өндіруге арналған экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технология әзірлегені және оның өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастырғаны үшін ғалымдардың еңбегі жоғары бағаланды.
Жаңа технология Қазақстанда алғаш рет СТ-1 маркалы тазартылған жоғары техникалық селеннің өнеркәсіптік өндірісін жолға қоюға мүмкіндік берді.
Жоба «Қазақмыс Прогресс» ЖШС Балқаш өндірістік алаңында Satbayev University жанындағы Металлургия және байыту институтының ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылды.
«Бұл марапат – үлкен ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ғылыми идея Марат Исмағұлов жетекшілік еткен «Қазақмыс Прогресс» мамандарының еңбегімен іске асып, ақиқатқа айналды», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кешенді технологияларды дамыту және инвестицияларды жоспарлау департаментінің директоры Ержан Оспанов.
Вакуумдық дистилляция әдісі реагент қолданбай-ақ селеннің сапасын 99,5%-ға дейін жеткізуге және өнімнің қосылған құнын әлемдік нарық бағасының 97%-ына дейін арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылы тұтынушыларға техникалық селеннің алғашқы 100 тоннасы жөнелтілді. Өнім күн панельдерін, көшіру техникасын, әйнек пен керамиканы, сондай-ақ медициналық және химиялық бұйым өндіруде жоғары сұранысқа ие.
Бұл жоба – ғылым мен өндірістің табысты серіктестігінің айқын көрінісі, ал ғалымдарға берілген мемлекеттік сыйлық – олардың әлемдік деңгейдегі инновациялық технологияны дамытуға қосқан үлесінің мойындалғанының белгісі.



