Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

«Қазақмыс Барысы» және ұлттық спорттың 7 түрі: Жезқазғанда корпоративтік ойындар мәресіне жетті

Жезқазғанда Металлург күніне орайластырылған «Қазақмыс ұлттық ойындары – 2026» корпоративтік жарысы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған дүбірлі додада еліміздің әр өңірінен келген «Қазақмыс» Тобы кәсіпорындарының 200-ге жуық жұмыскері ұлттық спорт түрлерінен сынға түсіп, өздерінің ептілігін, мықтылығын және командалық рухын танытты.

Спартакиадаға 13 команда қатысып, ұлттық спорттың жеті түрінен бақ сынады. Қатысушылар қазақ күресі, тоғыз құмалақ, асық ату, бес асық, таяқ тарту, арқан тарту және садақ атудан өзара мықтыны анықтады.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дәрежедегі диплом және медальдармен марапатталды. Ал ұлттық ойындардың басты бәсекесінің бірі – қазақ күресінен өткен «Қазақмыс Барысы» турниріне ерекше көңіл бөлінді. Белдесу жеңімпаздарына чемпиондық белбеу табысталды.

Командалық арқан тарту сайысында Kazakhmys Smelting, ЖМЗ командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Kazakhmys Maintenance Services командасы иеленсе, үшінші орын Jezqazgan Tau-ken ondirisi 1 командасына бұйырды.

80 келіге дейінгі ерлер арасындағы таяқ тарту сайысында Нұрбек Сатов (Kazakhmys Smelting, ЖМЗ) жеңімпаз атанды. Екінші орынды Айдар Зубайра (Jezqazgan Tau-ken ondirisi 1) иеленсе, үшінші орынды Мирас Рахымжан (Jezqazgan Tau-ken ondirisi 2) қанжығасына байлады.

80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Асқар Әбдіхамит (Jezqazgan Tau-ken ondirisi 1) жеңіске жетті. Күміс жүлдені Ержан Жүсіпов (Ғ.Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресі) иеленсе, қола жүлде Абзал Құлназарға (ӘБП) бұйырды.

Тоғыз құмалақ сайысында Жарас Ысқақов (Kazakhmys Barlau) пен Айнұр Келгенбаева (Жезқазған медициналық орталығы) үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Садақ ату жарысында ерлер арасында Мақсат Ержұманов (Мейкер) жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Алтынай Жұмабекова (Kazakhmys Maintenance Services) мергендігімен көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Бес асық ойынында Нұрбибі Тағаева (Мейкер) топ жарды. Ал асық атудан Алмас Жұмажанов (Nurqazgan Tau-ken ondirisi) дәлдігі мен шеберлігін көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Қазақ күресінен өткен «Қазақмыс Барысы» турнирінде балуандар 80 келіге дейінгі және 80 келіден жоғары екі салмақ дәрежесінде күш сынасты. 80 келіге дейінгі санатта Қадыржан Қадылбай (Jezqazgan Tau-ken ondirisi 1, Жомарт кеніші) қарсыластарынан басым түсіп, жеңіске жетті. Ал 80 келіден жоғары салмақта чемпиондық белбеу Ислам Рахманқұловқа (Ғ. Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресі) бұйырды.

Сонымен қатар «Қазақмыс Барысы» турнирі аясында ерекше шеберлік танытып, жеңіске деген жігері мен күрес техникасын көрсете білген спортшылар арнайы аталымдар бойынша марапатталды. «Үздік әдіс» аталымында Ұлан Әкімжан (Kazakhmys Smelting, БМЗ) жеңімпаз атанды. «Ардагер палуан» құрметті атағы Jezqazgan Tau-ken ondirisi 2 командасының спортшысы Еркебұлан Әбеновке (JezqazganTau-ken ondirisi 2) берілді. Ал «Көрермен таңдауы» аталымында Азамат Оразалы (ӘБП) үздік деп танылды. «Намыс» аталымында Ерқанат Тәкенов (Jezqazgan Tau-ken ondirisi 1) жеңімпаз атанды. «Жылдам жеңіс» аталымында Асылмұрат Жақсыбеков (Nurqazgan Tau-ken ondirisi) үздік деп танылса, «Жас палуан» аталымында Рамазан Сауытбектің (Kazakhmys Maintenance Services) мерейі үстем болды.

«Қазақмыс Барысы» турнирінің құрметті қонағы – қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы, «Түйе палуан» салмақ дәрежесінде республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің үш мәрте жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев болды. Танымал палуан жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Қазақмыс спортшыларының дайындығына жоғары баға берді.

«Қазақмыс ұлттық ойындары – 2026» спорттың компания ұжымын біріктіретін күш екенін дәлелдеді. Спартакиада жүлде үшін әділ бәсекеге түсетін жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің өзара араласып, тәжірибе алмасуына және корпоративтік рухты нығайтуға мүмкіндік берген маңызды ортаға айналды.