Қазақмыстың қолдауымен Жезқазғанда 3000 адамға арналған облыстық мешіттің құрылысы жалғасуда
Жезқазғанда өңірдегі ең ірі әлеуметтік маңызы бар нысандардың бірі – 3000 орындық облыстық мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның қолдауымен жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда нысанның құрылысы 65%-ға аяқталды.

Қазіргі кезде алаңда қасбеттік жұмыс жүргізіліп, ішкі әрлеу жұмысы жалғасуда, инженерлік желі мен коммуникацияны монтаждау жұмысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар іргелес жатқан аумақ абаттандырылып, ғимараттың орталық күмбезі мен жартылай күмбездерін қаптау жұмысы атқарылуда.
Болашақ мешіт қаланың орталық бөлігінде орналасқан және Жезқазғанның маңызды сәулет нысандарының біріне айналады. Негізгі қызметімен қатар, нысан ағартушылық, қоғамдық және мәдени іс-шараларды өткізу алаңы ретінде де пайдаланылады.
Жоба өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, қолайлы қалалық орта қалыптастыруға және қала тұрғындары үшін заманауи қоғамдық кеңістік құруға бағытталған.
Нысанның құрылысын аяқтау және оны пайдалануға беру 2026 жылдың қазан айына жоспарланған.



