Ұжыммен өткен кездесулердің қорытындысы бойынша «Қазақмыс»жаңа өндірістік және әлеуметтік бастамаларды іске асыруда
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Ғ.О. Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресі мен «Q.I. Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi» филиалының ұжымдарымен жұмыс кездесуін өткізді.

Жиын барысында өндірісті ұйымдастыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбек жағдайын жақсарту, еңбекақы төлеу және жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.
Маусым айының ортасынан бері еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан кездесулер аясында жұмыскерлерден түскен 132 өтініш қаралды. Оның 88-і бойынша қажетті шешім бұған дейін қабылданса, қалған 44 мәселе кезекті кездесуде жан-жақты талқыланып, оларды іске асырудың нақты шарасы мен орындалу мерзімі айқындалды.
Өндірістік үдерістің тиімділігін арттыру кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Компания жерасты жүк көліктерін, тиеу-жеткізу машиналары мен фронталды тиегіштерді қоса алғанда, тау-кен техникасының 191 бірлігі бойынша жанармай шығынының нормасын жаңарту жұмыстарын аяқтады.

«Жедел сатып алу картасы» тетігін жетілдіру жалғасуда: бірыңғай регламент әзірленді, өтінімдерді келісу рәсімі қысқартылды және құжаттарға қойылатын қайталанатын талаптар алынып тасталды. Бұл кәсіпорындарды жөндеу және өндірістік жұмыстарға қажетті материалдармен және қосалқы бөлшектермен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2026 жылдың соңына дейін компания тарифтік-біліктілік разрядтарын қайта қарау қажеттілігіне бағалау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша белгіленген талапқа сәйкес оқыту мен біліктілік емтиханынан өтетін жұмыскерлердің тізімі құрылады.
Кадрлық әлеуетті дамыту аясында Жөндеу-механикалық басқармасында қосымша 13 инженерлік-техникалық лауазымды енгізу, сондай-ақ «Kazakhmys Maintenance Services» кәсіпорындарының жөндеу учаскелерінде техниканың қозғалысын сүйемелдеу және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында 51 жерасты белгі беруші лауазымын ашу жөнінде ұсыныс әзірленді.

Кездесуде жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Компания «Отбасы банкпен» бірлескен тұрғын үй бағдарламасын пысықтау жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар төтенше жағдайларда санитарлық авиацияны жедел жұмылдыру үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен ынтымақтастықты нығайтуда.
Кездесуді қорытындылай келе, Руслан Өскенәлі бейінді бөлімшелерге қабылданған барлық шешімнің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді және жұмыскерлердің әрбір өтінішін сүйемелдеу жұмысын жалғастыруды тапсырды.
«Қазақмыс» еңбек ұжымдарымен тікелей диалог форматын жүйелі түрде дамытып, оны өндірістік және әлеуметтік мәселелерді тиімді шешудің маңызды құралы ретінде қарастырады.



