Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыстың бес командасы ТМКҚ кубогы мен халықаралық турнирге жолдама үшін тартысқа түседі

25 маусымда Астанада Қазақстанның тау-кен металлургия саласы кәсіпорындары арасында шағын футболдан дәстүрлі ТМКҚ кубогы  басталды. Соңғы екі жыл бойы чемпиондық атақты ешкімге бермей келе жатқан «Қазақмыс» Тобының атынан биылғы маусымда бірден бес ұжым қатысады.

Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған турнир тау-кен металлургия саласындағы үздік әуесқой командаларды анықтауды мақсат тұтады. Биылғы додада «Қазақмыстың» намысын  «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС (ЖМЗ мен БМЗ) құрамалары, «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС, «IT-Kazakhmys» және Жезқазған байыту фабрикасының командалары қорғайды. «Қазақмыс» Тобының құрама командаларына Nordgold Суздаль, «Атамекен» ҚР ҰКП, «Qarmet» ФК және Beksports.kz аяқ допшылары қарсылас болады.

Қатысушылар үшін басты ынталандырушы фактор – халықаралық деңгейде ел намысын қорғау мүмкіндігі. ТМКҚ кубогында топ жарған командалар 2026 жылғы қыркүйекте Испанияда өтетін  (Камбрильс қ.) CHAMPIONS LEAGUE және EURO CUP /MASTERS (EMF) турниріне, сондай-ақ Түркияда ұйымдастырылатын EURO BUSINESS Cup жарысына қатысуға жолдама алады.

«Бүгін Астанадағы алаңда әріптестеріміз өндірістегі табыс пен спорттағы жеңіс қатар жүретінін дәлелдеп жатыр. Біз жарысқа бес мықты команданы қостық. Олардың әрқайсы жеңіске жетіп, халықаралық аренаға шығуды мақсат тұтады. Дегенмен өндірісте де, спортта да біз үшін ең басты басымдық - қауіпсіздік. Сондықтан барлық қатысушыларға жарақатсыз ойын, тартысты бәсеке және лайықты нәтиже тілеймін. Алға, Қазақмыс!», – деді компания өкілі.

Спорттық бастамаларды қолдау және қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау «Қазақмыстың» әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып табылады. Компания корпоративтік мәдениетті дамытуға және еңбек ұжымындағы командалық рухты нығайтуға қолайлы жағдай жасауға тұрақты инвестиция салуда. Жұмыскерлердің жан-жақты дамуына, олардың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасау Топтың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.