Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Кеніштен фабрикаға дейін: «Қазақмыс» компаниясы жұмыскерлерінің балалары өндіріспен танысты

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақмыс» компаниясы жұмыскерлердің балалары үшін өндірістік нысандарға экскурсия сериясын ұйымдастырды.

Көптеген қатысушылар үшін бұл – ата-аналары күн сайын еңбек ететін өндіріс орнымен алғашқы танысу болды. Балалар заманауи өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысын көзбен көріп, өндірісте қолданылатын технологиямен танысты және тау-кен металлургия кешенінің жұмысын қамтамасыз ететін мамандықтар туралы мағлұмат алды.

Іс-шара 2026 жылы компанияда жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында ұйымдастырылып, қауіпсіздік мәдениетін дамыту және еңбекке құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды.

Экскурсия бағдарламасы Қазақмыстың бірқатар өндірістік нысанын қамтыды. Қатысушылар Нұрқазған байыту фабрикасында, Қоныраттағы өндірістік алаңда, жөндеу-механикалық бөлімшелерінде және Жезқазғандағы құю-механикалық зауытында болды. Іс-шараны тыңғылықты ұйымдастыру үшін компания балаларды көлікпен және мамандардың үздіксіз бақылауымен қамтамасыз етті, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік талабының қатаң сақталуын қадағалады.

Экскурсия басталмас бұрын балаларға қауіпсіздік бойынша нұсқаулық өткізілді, кәсіпорын аумағындағы тәртіп ережесі түсіндіріліп, жеке қорғаныс құралдары таратылды. Өндірістік үдерісті қауіпсіз ұйымдастыруға және ықтимал қауіп-қатердің алдын алуда әр жұмыскердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Нысандарды аралау барысында қатысушылар өндіріс үдерісімен, заманауи жабдықтармен, автоматтандырылған желілермен және диспетчерлік орталықтармен танысты. Ірі габаритті техниканы жақыннан көру және кәсіпорын қызметкерлерімен тілдесу мүмкіндігі балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар ата-анасының жұмысы, қолданылатын технология және әртүрлі мамандықтардың қыр-сыры туралы сұрақ қойды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар еңбек адамына деген құрметті қалыптастыруға, балалардың заманауи өндірістік мамандықтар туралы түсінігін кеңейтуге және инженерлік-техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Экскурсия Балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар кешенінің бір бөлігіне айналып, жұмыскерлердің отбасын қолдауға, кәсіби бағдар беруді дамытуға және Қазақмыстың қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға бағытталған әлеуметтік бастамаларының жалғасы болды.