Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Өтініштен нақты іске дейін: Қазақмыс жұмыскерлерді арнайы киіммен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруде

Арнайы киімнің сапасы, ыңғайлы болуы және еңбек жағдайына сәйкестігі жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. СондықтанҚазақмыс өндірістік бөлімшелердің қажеттілігі мен еңбек ұжымының өтініштерін ескере отырып, арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен (АК және ЖҚҚ) қамтамасыз ету жүйесін жүйелі түрде жетілдіруде.



2026 жылы бұл мақсатқа 4,44 млрд теңге қарастырылған. Жоспар бойынша 126 983 дана арнайы киім мен 1 724 498 дана жеке қорғаныс құралы жеткізіледі.

Жұмыскерлердің қатысуымен аяқ киімнің сапасы мен тозуы, қорғаныш көзілдірігінің жай-күйі, қолғаппен қамтамасыз ету, арнайы киімнің ыңғайлы болуы және әртүрлі еңбек жағдайына арналған арнайы қорғаныс құралдарына қажеттілік мәселелері талқыланады.

2026 жылы жұмыскерлердің санаты мен атқаратын міндетінің ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы киім мен ЖҚҚ-ның техникалық сипаттамасының стандарты бекітілді.

2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақмыстың бөлімшелері мен еншілес компанияларын үш өңірде арнайы киіммен және ЖҚҚ-мен қамтамасыз ету, сондай-ақ арнайы киімге күтім жасау қызметін бірыңғай жеткізушіге беру жоспарланған. Бұл қамтамасыз ету үдерісін біріздендіруге және арнайы киімді уақтылы ауыстыру мен оған қызмет көрсетудің толық циклы үшін жауапкершілікті нақты бекітуге мүмкіндік береді.



Сонымен қатар арнайы киімге арналған жаңа маталар сынақтан өткізіліп, мақта мөлшері жоғары материалдарға көшу мәселесі қарастырылуда, қорғаныш аяқ киімі мен көзілдіріктің үлгілері жаңартылуда. Металлургиялық кәсіпорындардың жұмыскерлері үшін ыстыққа төзімді плащтар мен алюминийленген қорғаныш костюмдерін жеткізу мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар 2027 жылға арналған қамтамасыз ету нормасында жалпы мақсаттағы қорғаныш каскасын каскеткаға ауыстыру көзделген.

Жұмыскерлердің өтінішін жедел қарау үшін WhatsApp чаттар мен Telegram-бот жұмыс істейді. Олар арқылы жұмыскерлер арнайы киім беру нормасын нақтылап, ЖҚҚ туралы ақпарат алады және өтініш жолдау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар арнайын киімді алу және киіп көру жағдайын жақсарту мақсатында оны беру орталықтарында жөндеу жұмысы жүргізілуде.

Қазақмыс арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіріп, сапа талабын біріздендіруге, жұмыскерлердің ұсыныстары мен өтініштеріне сай шешім қабылдауға және қажетті қорғаныс құралдарының уақытылы берілуін бақылауға баса назар аударады.