Қазақмыс Жезқазғанда 2028 жылға дейін жүргізілетін геологиялық барлау жұмысының жоспарымен таныстырды
Жезқазғанда Қазақмыс басшылығының кеніш жұмысшыларымен кездесуі өтті. Жиында мыстың жаңа қорын іздеу және Жезқазған өңірінің минералдық-шикізат базасын дамыту мәселесі талқыланды. Кеншілер Геологиялық кластерге шақырылды. Мұнда мамандар зерттеу нәтижелерімен және 2026-2028 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмысының жоспарымен таныстырды.

Талқылауға «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының геология және даму жөніндегі орынбасары, «Қазақмыс Барлау» ЖШС бас директоры Ғ. Нұржанов, бас геологтар, кеніш директорлары, техникалық қызметтердің мамандары мен шахталардың жұмысшылары қатысты.
Оларға Геологиялық кластердің техникалық жабдықталуы мен мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ жер қойнауын зерттеу әдістері және бұрғылау жұмысын жүргізу үшін болашағы бар учаскелерді анықтау қағидаттары түсіндірілді.
Жезқазған-Жыланды кенді ауданындағы геологиялық барлау жұмысына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Жезқазған кен орнының қапталдары мен терең деңгейжиектерінде мыстың қосымша өнеркәсіптік аймағын іздеу мәселелері қаралды.

Мамандар 2026 жылдың тоғыз айындағы геологиялық барлау жұмысының қорытындысын, кеніштердің қорлармен қамтамасыз етілу деңгейін, геологиялық және геофизикалық деректерді талдау нәтижелерін, сондай-ақ алдағы үш жылда минералдық-шикізат базасын кеңейту жоспарын таныстырды.
Бұдан бөлек барлау ұңғымаларын жобалау тәсілдері, зерттеу жүргізуге басымдық берілген учаскелер және іздеу жұмысының алдағы бағыттары талқыланды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кеншілер геологиялық қызмет мамандарына тікелей сұрақ қойып, қолданыстағы кен орындарының даму болашағын талқылауға және өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.
Қазақмыс үшін геологиялық барлауды дамыту – тау-кен кәсіпорындарының ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте компания жұмыскерлердің геологиялық жобаларға жауапты мамандардан өз кеніштерінің болашағына және онда жүргізіліп жатқан зерттеулерге қатысты ақпарат алуы маңызды деп санайды.




