Қазақмыс кәсіпорындарында аумақты абаттандыру жұмысы жалғасуда
Қазақмыстың өндірістік алаңдарында аумақты абаттандыруға бағытталған іс-шаралар жалғасуда. Бұл жұмысқа Жезқазған, Балқаш, Қарағанды өңірлері мен Жамбыл облысындағы кәсіпорындардың жұмыскерлері атсалысуда.
Іс-шараның кезекті кезеңіне 800-ден астам қызметкер қатысты. Оның аясында өндірістік алаңдарға санитарлық тазалау жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды. Сондай-ақ өндірістік инфрақұрылым нысандарының жағдайын жақсарту жұмыстары атқарылды.
Нәтижесінде бір күнде 47 тоннадан астам тұрмыстық және өндірістік қалдық жиналып, шығарылды. Бұдан бөлек өндірістік аумақты ретке келтіру, шөп шабу, инфрақұрылым нысандарының элементтерін сырлау және әктеу, қоғамдық орындарды абаттандыру, жасыл желекке күтім жасау, сондай-ақ аумақты алда атқарылатын жұмысқа дайындау бойынша бірқатар іс тындырылды.
«Қазақмыс» тобының кәсіпорындарында абаттандыру жұмысы тұрақты жүргізіледі. Бұл шаралар жұмыскерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын жасауға, өндіріс мәдениетін арттыруға және өндірістік инфрақұрылым нысандарын тиісті деңгейде ұстауға бағытталған.
Биылғы жылдың маусым айынан бері «Қазақмыс» тобы кәсіпорындарының 5 450 жұмыскері абаттандыру жұмыстарына қатысты. Осы кезеңде 177 тоннадан астам тұрмыстық және өндірістік қалдық жиналып, шығарылды.












