Жезқазғанда өндіріс озаттары құрметке ие болды
17.07.2023
«Kazakhmys Smelting» (Қазақмыс Смэлтинг) бас директоры Жәнібек Байғабелов, Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов, кәсіподақ және партия жетекшілері құттықтап, лайықты марапаттарды табыс етті. Ең лайықты қызметкерлер кәсіби саладағы елеулі еңбегін айғақтайтын негізгі салалық марапаттарға ие болды. I дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісіне осы беделді марапаттың толық кавалері атанған күйдіруші Төлеген Салқауов лайық деп танылды. II дәрежелі марапат аға шебер Құрмашева Венера мен сапа инженері Бекбаев Қуанышқа берілді. III дәрежелі белгілерді учаске басшысы Жанболат Жамбетов, аппаратшы-гидрометаллургтер Ғазиз Жылқыбаев пен Макида Садықова, балқытушылар Мұхамбетқали Қалекенов пен Бауыржан Жағыпаров, электромонтер Владимир Лесков және күйдіруші Думан Шайхымбаевтар алды. Ал «Еңбек ардагері» төсбелгісі электродчик Анатолий Черняевқа табысталды. Мұнан соң «Қазақмыс», облыс, қала басшылығынан, Кәсіподақ және партия ұйымдарынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Кәсіби мерекеге орай екі жүзден аса Жезқазған металлургтері лайықты марапаттарға ие болды.



