«Қазақмыс» Сәтбаевта медициналық орталық салады
18.11.2023
Жобаға Оңтүстік Кореядан Gachon University (Гачон
университеті) мамандары және медициналық ұйымдардың құрылысы, сәулет және
денсаулық сақтау басқармасы саласындағы сарапшылар тартылды. Шетелдік делегация «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС,
Жезқазған қаласының медициналық орталығы, Сәтбаев қаласының клиникасы, қаланың
жобалау ұйымы мен медициналық ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Сарапшылар
Жезқазған қаласының қолданыстағы медициналық орталығының техникалық жабдықталуы
мен жұмыс процестеріне жоғары баға беріп, Сәтбаевтағы жаңа медициналық
орталықты дамыту, жобалау және пайдалану жоспарына қатысты ұсыныстар жасады. Сәтбаев қаласындағы медициналық орталығының құрылысын
2025 жылы бастау жоспарлануда. Бұл озық жабдықтармен жабдықталған емханасы бар
заманауи медициналық орталық болады. Онда диагностика, физиотерапия
кабинеттері, оңалту бөлімшесі орналасады, арнайы мамандар қабылданады. «Қазақмыс»
қызметкерлері жаңа бөлімшеде профилактикалық тексеруден өте алады. Сәтбаев қаласының
тұрғындары да жаңа медициналық орталықта медициналық қызметтерді ала алады.



