Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Есте қалатын жаз: «Қазақмыс» жұмыскерлерінің балаларына арналған Бурабайдағы жазғы демалыс ауысымдары аяқталды

Бурабай курорттық аймағындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Қазақмыс» компаниялар Тобы жұмыскерлерінің балаларына арналған жазғы демалыс маусымы өз мәресіне жетті. Қоштасар сәттегі қимастық, байланыс нөмірімен алмасу және қайта жүздесуге берген уәделер мен табылған жаңа достар – Астана қаласы, Қарағанды және Ұлытау облыстарынан келген мың бала үшін он күндік демалыстың ең басты нәтижесіне айналды. 

Әр ауысымның ұзақтығы он күнді құрады. Демалыс бағдарламасы аясында балалар «Жаздың жарқын сәттері» кешінде өз жасақтарын таныстырып, «Жұмбақ кейіпкер» маска-шоуына және «Олимпия» спорттық бағдарламасына қатысты. Ал туған күні ауысым кезеңімен тұспа-тұс келген балаларға арнайы тақырыптық кештер ұйымдастырылды. Осындай мазмұнды бағдарлама балалардың уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық және спорттық қабілеттерін шыңдауына, сондай-ақ жаңа дағдыларды меңгеріп,  достық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді. 

«Мен «Балдәуренге» келгенде ешкімді танымайтынмын. Бірақ аз уақыттың ішінде бәрімен танысып, жаңа достар таптым. Мен лагерьді, әсіресе тәлімгерлерімізді қатты сағынатын боламын. Олар түрлі ойындар ұйымдастырып, күн сайын қызықты іс-шаралар әзірлеп, біздің достасуымызға ықпал етті», – деп әсерімен бөлісті демалыс маусымына қатысушы Маржан Серікбаева. 

«Қазақмыс» Тобы қызметкерлерінің балалары демалған кезеңде «Балдәурен» орталығында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Нидерланд елдерінен келген балалардың қатысуымен «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайы да өтті. Осының арқасында балалар әртүрлі елден келген құрдастарымен қарым-қатынас жасап, олардың мәдениетімен және салт-дәстүрімен танысты, бірлескен іс-шараларға қатысып, жаңа дос тапты. 

Демалыстың соңғы күнінде мерекелік жабылу салтанаты ұйымдастырылып, спорттық, шығармашылық және зияткерлік шараларға белсене қатысқан балалар мақтау қағазымен марапатталды. Демалыс ауысымы арнайы концертпен қорытындыланды. Балалар өз өнерлерін ортаға салып, демалыс кезінде үйренген қабілеттері мен шығармашылық шеберліктерін көрсетті.  

«Біз «Қазақмыс» Тобы жұмыскерлерінің балаларымен алты жылдан бері бірлесе жұмыс істеп келеміз. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы атынан компанияға балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жасап отырған қамқорлығы үшін алғыс айтамыз. Лагерьдегі мазмұнды бағдарлама балалардың денсаулығын жақсартып, демалысын тиімді өткізуіне жағдай жасап қана қоймай, олардың өз бетінше әрекет етуіне, жауапкершілігін қалыптастыруға, көшбасшылық қабілетін дамытуға және жаңа қырларын ашуға ықпал етеді», – деді директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Дамир Сұрағанов. 

Балалар демалысын ұйымдастыру – «Қазақмыс» Тобы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. 2026 жылы осы бағдарламаны жүзеге асыруға шамамен 400 млн теңге бағытталды. Бурабайдағы демалыс үшін компания 936 жолдаманың 80%-ын субсидиялады, ал жекелеген әлеуметтік санатқа жататын отбасылардың балаларына арналған 64 жолдаманың ақысын толық төледі. Жолдаманы бөлу кезінде лагерьде бұрын демалмаған балаларға басымдық берілді. Бұл тәсіл жұмыскерлер отбасыларының барынша көп бөлігін жазғы демалыс бағдарламасымен қамтуға мүмкіндік берді. 

Жалпы 2026 жылдың жазында «Балдәурен» орталықтарында Топ жұмыскерлерінің 1200 баласы демалды. Оның ішінде 1000 бала Бурабайда, тағы 200 бала жазғы демалысын Балқаш көлінің жағалауында өткізді. Жұмыскерлер мен олардың отбасына қолдау көрсету компанияның әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жазғы демалыс бағдарламасы балалардың белсенді тынығуына, қабілетін дамытуына және жаңа оқу жылы алдында толыққанды демалуына жағдай жасайды.