Қазақмыста персоналды іріктеу жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасуда
«Қазақмыс» компаниялар Тобының персоналды іріктеу жөніндегі бірыңғай комиссиясы өз жұмысын жалғастыруда. Жезқазған мен Балқашта өндірістік бөлімшелердегі жұмысшы мамандықтарға үміткерлермен кезекті әңгімелесу кезеңі өтті.

Жезқазғанда фрезерлеуші, газбен кесуші, сылақшы, электр монтері, электргазбен дәнекерлеуші, слесарь-жөндеуші, экскаватор машинисінің көмекшісі және теспе бұрғылаушы мамандықтары бойынша үміткерлер іріктелді. Әңгімелесу қорытындысы бойынша 21 үміткер жұмысқа қабылдауға ұсынылып, 5 үміткер кадр резервіне енгізілді.
Балқашта комиссия кран машинисі, бульдозер машинисі, бұрғылау қондырғысы машинисінің көмекшісі, теспе бұрғылаушының көмекшісі, геологиялық жұмыстардағы тау-кен жұмысшысы, электр монтері және басқа да жұмысшы мамандықтарына үміткерлерді қарастырды. Мұнда 12 үміткер жұмысқа қабылдауға ұсынылды, 2 үміткер кадр резервіне енгізілді.

Комиссия жұмысын әрі қарай жалғастырады. Әңгімелесулер компанияның өндірістік бөлімшелерінде кадр қажеттілігінің қалыптасуына қарай ұйымдастырылады. Қазақмыстағы бос жұмыс орындары туралы өзекті ақпарат компанияның ресми сайтында тұрақты түрде жарияланып отырады. Үміткерлер сайттағы қолжетімді бос жұмыс орындарымен танысып, өтінім бере алады.
Персоналды іріктеудің бірыңғай тәсілі үміткерлерді ортақ талап негізінде бағалауға және Топ кәсіпорындарының қазіргі және алдағы қажеттілігін ескере отырып, кадр резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.



