Қазақмыс жерасты жұмысындағы қауіпсіздікті күшейту үшін аккумуляторлы техниканы сынақтан өткізуде
«Жомарт» кенішінде Epiroc аккумуляторлы тау-кен-шахталық техникасын, атап айтқанда MT42 Battery мен ST14 Battery тиеу-жеткізу машиналарын пайдалану жалғасуда. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жерасты жұмысында тиімділік пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында аккумуляторлы тау-кен-шахталық техникасын енгізуде. Сонымен қатар компания ТМД елдері арасында алғаш болып өндірісте өздігінен жүретін аккумуляторлы тау-кен шахталық жабдығын қолданды.

Техника заманауи аккумуляторлы батареямен және 800 вольтқа дейін қысым беретін қуаттау инфрақұрылымымен жабдықталған. Кіріктірілген энергияны түрлендіру жүйесі электр қозғалтқышына берілетін жүктемені тиімді бөлуге мүмкіндік беріп, жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Әр батареяға диагностика жүйесі орнатылған: ақау анықталған жағдайда қуаттандыру автоматты түрде тоқтатылады, ал жабдықтың жағдайы туралы ақпарат сымсыз байланыс арқылы онлайн режимде қолжетімді болады.
Толық қуаттау циклі орта есеппен 3-3,5 сағатты құрайды, ал техниканың жұмыс уақыты өндірістік жүктеме мен тасымалдау қашықтығына байланысты болады. Өндірістік үдерістің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскеде ауыстырмалы аккумуляторлы батареялар пайдаланылады.

Тәжірибе жабдықтың сенімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр – бірнеше жылдық жұмыс барысында елеулі тоқтап қалулар тіркелмеген, барлық регламенттік жұмыс штаттық режимде орындалуда.
Аккумуляторлы техниканың негізгі артықшылығы – пайдалану барысында зиянды шығарындылар, жерасты қазбасында шу болмайды және діріл мен жылу жүктемесі төмендейді. Бұл еңбек жағдайын жақсартуға және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Аккумуляторлы техниканы пайдалану – Қазақмыстың қауіпсіздік деңгейін көтеруге, өндірістің тиімділігін арттыруға және қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған заманауи технологиялық шешімдер енгізу жөніндегі жұмысының бір бөлігі.











