Қазақмыс «Нұрқазған» кенішінде конвейерлік-ұсақтау кешенін салуда
«Нұрқазған» кенішінің Батыс учаскесінде қолданыстағы магистральдық конвейерді ұзарту және -140 метр деңгейіндегі 16-кен түсірмесіне арналған конвейерлік-ұсақтау кешенін салу жұмысы жалғасуда.

Қазір МК №4.1-ден МК №3.2-ге және МК №4.2-ден МК №4.1-ге ауысатын торап камераларына темірбетон бекітпелері орнатылуда. Сондай-ақ ұсақтау камерасында монтаждау жұмысы басталып, конвейердің металл құрылымдары орнатылуда. Жұмысты МЖМБ мен Ғ. Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресінің бригадалары атқаруда.
Жоба кен тасымалдаудың қолданыстағы автоматтандырылған жүйесін дамытуды көздейді. Жаңа кешен кеніштің жерасты көлік инфрақұрылымын тау-кен жұмысын терең қабаттарға көшіруге бейімдеп, дөңгелекті көлікке тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Кенді тереңнен тасымалдау артқан сайын автопаркті ұстау мен жанармай шығыны, сондай-ақ жерасты қазбаларын желдетуге қойылатын талап да арта түседі.

Жобаға сәйкес, тау-кен массасы тиеу-жеткізу машиналарымен -60, -80, -100 және -120 метр деңгейлеріндегі №16 кен түсірмесінің түсіру камераларына жеткізіледі. Одан әрі кен түсірмесі жүйесі арқылы ұсақтау қондырғысына түсіп, ұсақталған шикізат жалпы ұзындығы 844 метр болатын жаңа конвейерлік желіге бағытталады.
Жүйенің өнімділігі сағатына 1000 тонна кенді жеткізуге дейін жетеді. Жаңа конвейерлік кешен қолданыстағы 3.2 магистральдық конвейерге қосылады. Нәтижесінде кенді кеніштің терең қабаттарынан Нұрқазған байыту фабрикасына жеткізетін бірыңғай көлік жүйесі қалыптасады.

Жоба Қазақмыстың жаңа басшылығы жүзеге асырып жатқан ауқымды жаңғырту бағдарламасы аясында іске асырылуда. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – өндірістік инфрақұрылымды жаңарту және тау-кен жұмысының даму болашағын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тиімділігін арттыру.
Жаңа ұсақтау-конвейерлік кешенін іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Қазақмыстың кеніштің жерасты инфрақұрылымын жаңғыртуға бағыттаған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 8,4 млрд теңгені құрайды. Оның 5,9 млрд теңгесі тікелей кешен құрылысына жұмсалады.
Жоба «Нұрқазған» кенішінің жерасты инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту жұмысының бір бөлігі болып табылады және терең қабаттарды игеру барысында кен тасымалдау тиімділігін арттыруды көздейді.



