Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс Балқашты сақтау және су ресурстарын ұтымды пайдалану жобаларын жүзеге асыруда

«Қазақмыс» Тобы су ресурстарын сақтау, экожүйені қолдау және экологиялық жауапкершілігі бар өндірістік шешімдерді енгізуге бағытталған жобаларды кезең-кезеңімен іске асырып келеді. Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай компания су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытында жүзеге асырып жатқан негізгі жобаларын таныстырады.



Компанияның экологиялық саясатының басым бағыттарының бірі – Орталық Азиядағы стратегиялық нысаны саналатын Балқаш көлін сақтау. Бүгінде мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және ғылыми қауымдастықтың қатысуымен 2040 жылға дейін Балқаш көлін сақтау жөніндегі мастер-жоспар әзірленуде. Құжат Іле-Балқаш бассейнінің жағдайын кешенді талдауды, жерүсті және жерасты су ресурстарын зерттеуді, көлдің цифрлық мониторинг жүйесін құруды, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту мен цифрландыруды көздейді.

Зерттеу жұмысы Францияның даму агенттігінің, Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросының және отандық сарапшылардың қатысуымен жүргізілуде. Мастер-жоспарды әзірлеу үшін Балқаш көліне әуеден аэротүсірілім жасалды. Халықаралық серіктестер кешенді зерттеу жүргізуге 1 млн еуро көлемінде грант бөлді. Қазақмыс өз кезегінде мастер-жоспар бекітілгеннен кейін табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыруға 5 млн АҚШ долларына дейін қаржы бөлуге дайын екенін мәлімдеді.

Іле–Балқаш бассейнін сақтау қорын құру жөніндегі бастама табиғатты қорғау бағытындағы маңызды қадам болды. Қор Су ресурстары және ирригация министрлігімен, ғылыми ұйымдармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеп, су ресурстарын, экожүйелер мен өңірдің биоалуантүрлілігін сақтауға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға атсалысады.

Ұзақ мерзімді бастамалармен қатар компания табиғатты қорғауға бағытталған нақты іс-шараларды да жүзеге асырады. Соңғы жылдары Балқаш көліне 500 мыңнан астам балық шабағы жіберілді, көлдің айналасынан 3 мың тоннадан астам қалдық жиналды және 3 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Айта кетейік, Балқаш көлі мен Кеңгір су қоймасының жағалауын тазарту бойынша экологиялық акция тұрақты түрде өткізіледі.

Компания өндірістік қызметте су ресурстарын ұтымды пайдалануға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта суды қайта пайдалану көлемі біртіндеп ұлғайтылып, заманауи су тазарту технологиялары енгізілуде. Алдын ала қорытынды бойынша, 2025 жылы Топ кәсіпорындарындағы айналымдағы сумен жабдықтау үлесі 83,31%-ға жетті. Сонымен қатар ғылыми ұйымдармен бірлесіп Жыланды кен орны мен Жомарт кенішінің шахта суларын балық шаруашылығы нормативтеріне дейін тазарту жобасы жүзеге асырылуда.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану Қазақмыстың экологиялық саясатының стратегиялық бағыттарының бірі болып қала береді. Компания табиғатты қорғау бастамаларын, халықаралық ынтымақтастықты және заманауи өндірістік шешімдерді ұштастыра отырып, табиғи су көздеріне түсетін жүктемені кезең-кезеңімен азайтып, өзіне қатысы бар өңірлеріндегі су экожүйесін сақтауға үлес қосып келеді.