«Qauipsizdik Start» бағдарламасы арқылы «Қазақмыс» қауіпсіздік мәдениетін дамытуды жалғастыруда
Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» корпорациясының Технологиялық колледжі базасында жаңадан қабылданған қызметкерлер мен мердігер ұйымдардың жұмысшыларына арналған өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталған «Qauipsizdik Start» кіріспе курсы басталды.

Бағдарлама 2026 жылды «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жариялаған Қауіпсіздік жылы аясында жүзеге асырылуда.
Курстың алғашқы қатысушылары қатарында корпорацияның жүйе құраушы кәсіпорындарының 30 қызметкері бар. Атап айтқанда, ЖБФ №1, 2, 3, Құю-механикалық зауыты (ҚМЗ), ЖМЗ, Өңірлік бірыңғай қойма шаруашылығы (ӨБҚШ) және Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасы (МЖМБ) қызметкерлері.

Бағдарламаның негізгі мақсаты — қауіпсіз еңбек дағдыларын қалыптастыру, қызметкерлердің жеке жауапкершілігін арттыру және өндірістік жарақат алу тәуекелдерін төмендету.
Оқу барысында қатысушылар өндірістік тәуекелдерді бағалау, қауіпті факторлар анықталған жағдайда әрекет ету тәртібі, сондай-ақ техника мен жабдықтарды қауіпсіз пайдалану ережелері бойынша білім алады.

Сонымен қатар, қауіпті аймақтарда жұмыс істеу, көлік пен арнайы техникамен өзара әрекеттесу, биіктіктен құлау қаупі, электрлік және механикалық қатерлер, өрт қауіпсіздігі мен адам факторына қатысты мәселелерге ерекше назар аударылады.
«Qauipsizdik Start» бағдарламасы — «Қазақмыстың» нөлдік жарақат мәдениетін дамыту, өндірістік тәртіпті нығайту және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі. Жыл соңына дейін бағдарлама аясында шамамен 10 мың қызметкерді қамту жоспарлануда.






