Қазақмыс өндірістік қажеттілік үшін меншікті генерация көздерін құру мүмкіндігін қарастыруда
Энергетикалық тәуелсіздікті арттыру стратегиясын жүзеге асыру аясында «Қазақмыс» Тобының басшылығы Borusan Cat Қазақстан компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Диалогтың негізгі мақсаты – өндірістік актив аумағында газ поршеньді электр станцияларын (ГПЭС) салудың ең тиімді технологияларын зерделеу.

Қазіргі кезеңде компания бірқатар халықаралық өндіруші мен интегратордың ұсынысына салыстырмалы талдау жүргізуде. Жоба табиғи газды пайдалануды және когенерация жүйесін енгізуді көздейді. Бұл технология жылуды кәдеге жарату арқылы бір мезгілде электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде кәсіпорындардың энергия тиімділігі айтарлықтай артып, сыртқы желілерге түсетін жүктеме азаяды.
«Қазақмыс» Тобының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі атап өткендей, технологиялық серіктесті таңдауда кешенді бағалау негізге алынады: «Біз өндірістік үдерістің тұрақтылығын қамтамасыз ететін және ұзақ мерзімді перспективада өнімнің өзіндік құнын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін автономды энергия торабын құруға мүдделіміз. Біз Қазақстандағы басқа металлургиялық кәсіпорындарда ұқсас жабдықты пайдалану тәжірибесін жан-жақты зерттедік. Қазіргі уақытта ұсынылып отырған сервистік қолдау модельдерін және қызмет көрсетуді жергіліктендіру мүмкіндігін бағалаудамыз».
Кездесу барысында тараптар Жезқазған мыс балқыту зауыты алаңында қосымша техникалық аудит жүргізу мүмкіндігін талқылады. Бұл зерттеудің нәтижесі жеткізушіні таңдау және құрылыс-монтаждау жұмысына кірісуге қатысты түпкілікті шешім қабылдау кезінде ескерілетін қаржы-экономикалық модельді қалыптастыруға негіз болады.



