Қазақмыс өзіне қатысты өңірлерде балаларды оңалту бағдарламасын жалғастыруда
Қазақмыс компаниясы өзіне қатысы бар өңірлерде балаларды оңалту бағдарламасын іске асыруды жалғастырып жатыр. 2026 жылдың басынан бері жоба аясында 54 бала қалпына келтіру емін алды. Жалпы, бағдарламаны қаржыландыру көлемі 31 млн теңгені құрады.

Бағдарлама «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасында жүзеге асырылуда және компания қызметкерлерінің отбасына, аутсорсингтік ұйымдардың жұмыскерлеріне, сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларының тұрғындарына қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба іске қосылған 2020 жылдан бері бұл орталықта мыңнан астам бала қалпына келтіру және оңалту емін алды.

Бағдарлама оңалтуды қажет ететін балаларға тұрақты әрі кешенді қолдау көрсетуді көздейді. Баланың денсаулық жағдайына байланысты жылына төрт оңалту курсына дейін алуға болады. Бұл дәрігерлерге баланың денсаулығындағы өзгерісті тұрақты бақылауға, тағайындалған ем шараны дер кезінде түзетіп отыруға және жүргізілген терапияның нәтижесін бекітуге мүмкіндік береді.
Оңалту бағдарламасы емдік дене шынықтыру, физиотерапия, механотерапия және су процедураларын қамтиды. Сонымен қатар балалармен логопед, дефектолог және психолог мамандар жұмыс істейді. Мұндай кешенді тәсіл жүйке жүйесі ауруларын, тірек-қимыл аппаратының бұзылысын, сондай-ақ туа біткен патологияны емдеуде кеңінен қолданылады

Бағдарламаға қатысқан балалардың ата-анасы емдеу нәтижесінің оң динамикасын және оңалту қызметінің жоғары сапасын атап өтті. Жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша отбасылардың басым бөлігі жобаның одан әрі дамуын қолдайтынын анықтады.
Балаларды оңалтуға қолдау көрсету компания жұмыс істейтін өңірлердегі отбасылардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Қазақмыстың әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі болып қала береді.




