Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс кәсіпорындардың әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңғыртуды жалғастыруда

Батыс Жезқазған кенішінде 73-75 шахтасының әкімшілік-тұрмыстық кешенінде ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Бұл биыл «Қазақмыс» Тобы кәсіпорындарының әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламасы аясында жаңартуы аяқталатын алғашқы нысандардың бірі.



2026 жылы компания әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 80-нен астам нысанды жаңғыртуға 2,4 млрд теңге бағыттады. Бағдарлама аясында әкімшілік-тұрмыстық кешендер, медициналық пункттер, жатақханалар, асханалар, жуыну бөлмелері және кәсіпорын жұмыскерлері күнделікті пайдаланатын өзге де нысандар жаңартылуда.

«Q.I. Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi» филиалының кәсіпорындарында бағдарлама аясында 38 нысан қамтылған. Қазіргі таңда жөндеу жұмысы Батыс Жезқазған кенішінің 73-75 шахтасының әкімшілік-тұрмыстық кешенінде, Жезқазған байыту фабрикасының медициналық пунктінде және Мамандандырылған энерго-жөндеу басқармасының әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жүргізілуде.

73-75 шахтаның әкімшілік-тұрмыстық кешенінде ішкі үй-жайларды жаңарту жұмысы аяқталуға жақын. Қабырғалар мен төбелер және еден жабындары жөнделіп, жаңа есіктер орнатылды, әрлеу жұмысы аяқталу сатысында. Нысанды жөндеуге салынған инвестиция көлемі 60 млн теңгені құрайды.

Барлық жұмыс өндірістік үдеріске кедергі келтірмей, бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Құрылыс жұмысының сапасына, қолданылатын материалдарға және өнеркәсіптік қауіпсіздік талабының сақталуына ерекше көңіл бөлінуде.

Әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғырту – «Қазақмыс» компаниясының өндірістік алаңдарды кешенді дамыту бағдарламасының бір бөлігі. Компания өндірістегі тұрмыстық жағдайды өнеркәсіптік қауіпсіздіктің, қызметкерлердің денсаулығына қамқорлық жасаудың және жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, еңбеккерлер үшін заманауи әрі жайлы еңбек жағдайын кезең-кезеңімен қалыптастырып жатыр.