Қазақмыс «Алтын Гефест» байқауында үш марапатқа ие болды
Астанада AMM-2026 халықаралық тау-кен-металлургиялық конгресі аясында «Алтын Гефест» ұлттық салалық сыйлығының қорытындысы шығарылды. Сараптамалық кеңестің шешімі бойынша «Қазақмыс» Тобының өкілдері мен жобалары өндірістік, экологиялық және әлеуметтік салаларды қамтитын үш негізгі аталым бойынша лауреат атанды.

Жыл байытушысы — Жанболат Тұяқбаев
Байыту департаментінің бас маман-механигі Жанболат Мырзағалиұлы Тұяқбаев саланың ең беделді жеке аталымдарының бірі бойынша жеңімпаз деп танылды.
Оның саладағы еңбек өтілі 44 жылды құрайды. Марапат Жезқазған, Балқаш байыту фабрикаларында импорттық жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзарту және жаңғырту бойынша инженерлік шешімдерді әзірлеп, енгізгені үшін берілді.

Үздік экологиялық жоба
Марапат Қазақмыстың Кешенді экологиялық бағдарламасына берілді. Сарапшылар Балқаш көлін сақтау жобасын, күкірт диоксиді шығарындыларын мақсатты түрде азайту үшін өндірістік қуатты жаңғырту жобасын, сондай-ақ су айдындарына балық жіберу және оларды көгалдандыру бастамаларын ерекше атап өтті.

Үздік әлеуметтік жоба — ALEM жүйесі
Жеңіс Астанадағы Heart Center Foundation қорының Медициналық бұйымдар зауыты жобасына тиесілі болды. Жоба Қазақмыстың қолдауымен іске асырылды.
Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 5,1 млрд теңгені құрады. Зауыттың басты бағыты — отандық мамандар әзірлеген донорлық ағзаларды сақтауға және тасымалдауға арналған инновациялық ALEM жүйесін шығару болып табылады. Бұл еліміздегі трансплантология саласының мүмкіндігін кеңейтеді
Берілген марапат компанияның өндірісті дамытуға, заманауи экологиялық стандарттарды енгізуге және маңызды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған жүйелі жұмысының дәлелі болды.



