Қазақмыс 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өндірістік қауіпсіздікті арттыру жұмысын қорытындылады
Астанада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтің және Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің төрағалығымен Өндірістік қауіпсіздік жөніндегі басқарушы комитеттің отырысы өтті. Қатысушылар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыстың қорытындысын шығарып, іске асырылып жатқан бастамалардың нәтижесін талқылады, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған алдағы қадамдарды айқындады.

Отырысқа Басқарма мүшелері, корпорацияның негізгі өндірістік секторларының басшылары, олардың ішінде «Kazakhmys Barlau» ЖШС, «Qazaq Geophysics» ЖШС, «Kazakhmys Smelting» ЖШС, «Мэйкер» ЖШС және «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисез» ЖШС өкілдері қатысты.

«Біз негізгі қағидатты біржола бекітуіміз керек. Қазақмыс өндірістік жоспар мен көрсеткішті әріптестердің өмірінің құнымен өлшемейді. Ешқандай өндірістік нәтиже –өндірілген мыңдаған тонна кен мен балқытылған мыс адамның денсаулығынан маңызды емес. Әрбір есептің, статистикадағы әрбір көрсеткіштің және құрғақ санның артында – адамдар, олардың отбасы мен болашағы тұр. Еңбек қауіпсіздігі – біздің сөзсіз әрі бұлжымас басымдығымыз. Бұл мәселеде ешқандай ымыраға жол берілмейді», – деп атап өтті Руслан Өскенәлi отырыстың ашылуында.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша корпорация жұмыскерлері арасында зардап шеккендер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,2%-ға төмендеді. Бұл ретте компанияның өз персоналы арасында өлімге әкелген өндірістік жарақаттану дерегі тіркелген жоқ. «Kazakhmys Barlau» және «Мэйкер» компаниялары жарты жылды өндірістік жарақаттану оқиғасынсыз аяқтады.

Отырысқа қатысушылар қол жеткізілген оң нәтиже өндірістік тәуекелдерді басқару жүйесін жүйелі түрде жетілдірудің, өндірістік бақылауды күшейтудің, қауіпсіздіктің бірыңғай корпоративтік стандартын енгізудің және барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігін арттырудың арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
Екінші жартыжылдықта компания өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған инженерлік шешімдерді енгізуді одан әрі жалғастырады. Негізгі жобалар қатарында Lockout/Tagout (LOTO) қауіпті энергия көздерін бұғаттау жүйесін қолдану аясын кеңейту, биіктікте қауіпсіз жұмыс істеуге қойылатын талаптарды жетілдіру, тау жынысының опырылу қаупінің алдын алу шараларын күшейту, сондай-ақ өздігінен жүретін техника мен өндірістік көлікті пайдалану қауіпсіздігін одан әрі арттыру бар.

Қауіпсіздік мәдениетін дамытуға ерекше назар аударылуда. Кәсіпорындарда басшылардың көшбасшылық құзыретін дамытуға, жұмыскерлерді оқыту жүйесін жетілдіруге, тәлімгерлік институтын нығайтуға және өндірісте қауіпсіз мінез-құлықтың тұрақты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Батыл көшбасшылық» бағдарламасын енгізу жалғасуда.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тікелей өндірістік алаңдарда жүзеге асырылады. Жергілікті орындардағы басшылар көшбасшылық танытып, жеке жауапкершілікті өз мойнына алуы қажет. Өндірістік тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған барлық негізді бастамаларға басшылық тарапынан қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Тәуелсіз өндірістік бақылау жүйесін одан әрі дамыту кездесуде қабылданған маңызды шешімдердің бірі болды. Корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру аясында арнайы қызметтердің міндеті бөлінді: Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметі корпоративтік стандарттарды әзірлеуге, тәуекелдерді басқаруға, оқиғаларды тергеп-тексеруге, қызметкерлерді оқытуға және қауіпсіздік мәдениетін дамытуға басымдық береді. Ал Өндірістік бақылау қызметі технологиялық талаптардың сақталуын бақылайды және жабдықтың техникалық жағдайын қадағалайды.

Отырыста өнеркәсіптік медицинаны дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жұмыскерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған жаңартылған жол картасы бекітілді.
Отырыс қорытындысы бойынша компания басшылығы жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақмыстың сөзсіз басымдығы болып қала беретінін атап өтті.



