Қазақмыс «Таза жағалау» акциясын қолдады
«Қазақмыс» Тобының жұмыскерлері «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ұйымдастырылған «Таза жағалау» экологиялық акциясына қатысты.
9 сәуірде өткен іс-шара Балқаш көлі жағалауының едәуір бөлігін қамтыды. Тазалау жұмысы үйсіз жануарларға арналған «Чип» панажайы маңында, сондай-ақ бұрынғы ботаникалық бақ аумағында жүргізілді. Шара шеңберінде жағалау аймағын қордаланып қалған тұрмыстық қоқыстан тазартуға ерекше назар аударылды.
Акцияға Балқаш алаңынан 145 қызметкер қатысты. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін тиегіш пен тасымалдау-төгу көлігі сияқты арнайы техника пайдаланылды. Бұл ірі көлемді қалдықтарды жедел шығаруға мүмкіндік берді.
Сенбілік барысында қызметкерлер 25 тонна тұрмыстық қоқысты, оның ішіде пластик пен сынған әйнекті жинап, шығарды. Жиналған қалдықтың барлығы алдағы уақытта кәдеге жарату үшін полигонға жөнелтілді.
Жүргізілген жұмыс жағалау аймағының экологиялық жағдайын жақсартуға және ластануды азайтуға бағытталды. Осындай акцияларға қатысу «Қазақмыстың» жүйелі экологиялық саясатының бір бөлігі болып табылады. Ол табиғатты қорғау бастамаларын қолдауға және компания жұмыс істейтін өңірлерде қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.











