Қазақмыс Жезқазған мыс балқыту зауытындағы 250-ден астам электролиз ваннасын жаңартады
Қазақмыс Жезқазған мыс балқыту зауытының мыс электролизі цехындағы жабдықтарды жаңартуға кірісті. 2026 жылы жобаны іске асыруға шамамен 745 млн теңге бағытталды.

Кәсіпорынға катодты мыс өндіруге арналған жаңа полимербетон ванналарының алғашқы партиясы жеткізілді. Олар химиялық әсерге жоғары төзімділігімен ерекшеленеді және 60 °C-қа дейінгі жұмыс температурасында пайдаланылады.
Алғашқы 24 ваннаны монтаждау жұмысы басталды. 2026 жылдың соңына дейін 250 ваннаны орнату жоспарланған. Жалпы, мыс электролизі цехында 1 872 ванна бар.

Жабдықтарды кезең-кезеңімен ауыстыру электролиз өндірісінің сенімділігін арттыруға, технологиялық үдерістің тұрақты көрсеткіштерін және өндірілетін катодты мыстың сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жабдықтарды жаңарту өндірістік операцияларды орындау жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Жоба Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 2026 жылы Қазақмыстың жаңа басқару командасы өндірістік активтерді жаңартуға бағытталған жұмысты күшейтіп, жабдықтардың сенімділігіне, жұмыскерлердің қауіпсіздігіне және өндірістік үдерістің тұрақтылығына басымдық берді.




