Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс металлургиялық зауыттардың өндірістік инфрақұрылымын жаңғыртуда

«Қазақмыс» Тобы металлургиялық кәсіпорындардың өндірістік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Балқаш және Жезқазған мыс балқыту зауыттарында өндірістік нысандардың сенімділігін арттыруға, жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуға және жабдықты пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.


 
Бағдарламаның негізгі нысандарының бірі – Балқаш мыс балқыту зауыты. Мұнда мыс балқыту цехының қасбеті мен шатырына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жаңғырту жұмысының жалпы аумағы шамамен 16 мың шаршы метрді құрайды. Жоба аясында ғимараттың қасбеті жаңартылып, шатыр құрылымдары ауыстырылуда, сондай-ақ №1 және №2 Ванюков пештері орналасқан аймақтағы ғимараттың жекелеген бөліктеріжөнделіп жатыр. 
 
Жезқазған мыс балқыту зауытында конвертер учаскесіндегі балқыту цехының шатырына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Жөнделетін аумақтың жалпы көлемі 4,3 мың шаршы метрден асады. Жоба аясында тозған құрылымдарды алып тастау, негізін қалпына келтіру, гидрооқшаулау жүйесін жаңарту және жаңа шатыр жабынын орнату көзделген. Жұмысы аяқтау 2026 жылғы қараша айына жоспарланған.
 
Бұдан бөлек, жақын арада Жезқазған мыс балқыту зауытында мыс электролизі цехының шатырын толық жаңарту жұмысы басталады. Аталған жоба кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасының кезекті кезеңі саналады.


 
Жалпы алғанда, 2026 жылы Қазақмыс Балқаш және Жезқазған мыс балқыту зауыттарының өндірістік инфрақұрылымын жаңғыртуға 5,53 млрд теңге бағыттайды. Бағдарлама аясында Жезқазған мыс балқыту зауытының дайын өнім цехындағы жабын плиталарын ауыстыру, Балқаш мыс балқыту зауытының басты ғимаратының шатырына күрделі жөндеу жүргізу  және нөсер кәрізі жүйесін жаңғырту көзделген.
 
Сонымен қатар бағдарламада ішкі логистиканы дамытуға және өндірістік алаңдағы жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылған. Осыған байланысты өндірістік нысандарға, оның ішінде мыс электролизі, күкірт қышқылы және бағалы металдар өндірісі цехтарына апаратын жолдарға асфальт төселеді. Сондай-ақ әкімшілік-тұрмыстық кешендерге, санитарлық және жуынатын бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізіледі.
 
Өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды жаңғырту компанияның металлургиялық активтерін кешенді жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Биыл Жезқазған мыс балқыту зауытындағы мыс электролизі цехының катод бөлімшесі жаңа желдету жүйелерімен жабдықталды. Ал Балқаш мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехының жылуалмастырғышы жаңартылып, №1 Ванюков пешіне күрделі жөндеу жүргізілді.
 
Барлық жұмыс бекітілген өндірістік бағдарламаға сәйкес іске асырылуда және инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ металлургиялық кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қолдауға бағытталған.


 
Компанияда атап өткендей, өндірістік нысандарды жаңғырту қолданыстағы инвестициялық бағдарламаның басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жабдықты жаңартумен қатар, ғимараттар мен құрылыстарды жөндеуге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.