Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс «Нұрқазған» кенішінің жерасты инфрақұрылымын жаңғыртуға 8,4 млрд теңге инвестиция салады

«Нұрқазған» кенішінің Батыс учаскесінде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және кен өндіру тиімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі кезеңі -140 метрлік деңгейжиекте ұсақтау-конвейер кешені мен №16 кен түсіргішінің құрылысы болды. Жоба кен орнының төменгі қабатын одан әрі игеруге мүмкіндік беріп, кенді жер бетіне үздіксіз тасымалдау жүйесіне көшуге ықпал етеді. Шахтаның түрлі деңгейлерінде орналасатын бұл дербес инфрақұрылымдық желіні құруға жалпы көлемі 8,4 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталады.

Қаржының негізгі бөлігі – 6 млрд теңгеден астамы – -140 метрлік деңгейжиекте орналастын ұсақтау-конвейер кешенінің құрылысына бағытталды. Оны 2026 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған. Қалған қаражат өндірістік үдерісті оңтайландыру мақсатында жер астына көшірілетін сервистік базаны дамытуға жұмсалады. 2027 жылы 0 метрлік деңгейжиекте сыйымдылығы 30 тонна болатын жерасты жарылғыш материалдар қоймасын пайдалануға беру және жөндеу пунктін іске қосу жоспарланған. Ал 2028 жылы -60 метрлік деңгейжиекте жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бекетінің құрылысы аяқталады.

Ауқымды жаңғырту жұмысының жүргізілуі тау-кен өндірісінің шахтаның терең қабаттарына біртіндеп ауысуымен және алдағы уақытта «Нұрқазған» кен орнының Шығыс учаскесін игеру жоспарымен байланысты. Жоба аясында құрылысшылар конвейерлік штректерді, тиеу тораптарына арналған камераларды және ұсақтау камерасын үңгілеу жұмысын жүргізуде. Кейіннен мұнда технологиялық жабдықты монтаждау жұмысы басталады. Тау-кен массасы тиеу-жеткізу машиналарымен (ТЖМ) ең қысқа бағыт бойынша тасымалданып, кен түсіргішке түсіріледі. Оның төменгі бөлігінде ірі тау жыныстарына арналған ұсақтау кешені орналастырылады.

Жобаның басты артықшылығы – оның Корпорацияның өз күшімен жүзеге асырылуында. Жұмыстың барлық кезеңіне Корпорацияның ішкі мамандандырылған бөлімшелері мен бейінді қызметтері тартылады. Бұл жұмысты жоғары деңгейде үйлестіруге, сапалы орындауға, туындаған мәселелерді жедел шешуге және ішкі ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жобаны басқару, үйлестіру және сүйемелдеуді Күрделі өндірістік жобалар департаменті жүзеге асырады. Құрылыс-монтаждау жұмысын Ғ. Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресі атқарса, конвейерлік жабдықты монтаждау міндеті Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасына жүктелді. Технологиялық жабдық пен металл құрылымдарын дайындауды «Maker (Мэйкер)» ЖШС қамтамасыз етеді. Механикалық және электротехникалық бөліктер бойынша жұмыстың орындалу сапасын бақылауды тиісінше Nurkazgan TKO бас механигі және бас энергетигі жүзеге асырады.

Ұсақталған шикізат жалпы ұзындығы 844 м болатын жаңа конвейерлік каскад арқылы тасымалданады. Таспа ені 1200 мм, ал қозғалыс жылдамдығы секундына 3,5-4 метрді құрайтын жүйе сағатына 1200 тонна кенді шамамен 100 метр биіктікке үздіксіз көтеруге мүмкіндік береді. Кешен осы нүктеде қолданыстағы 3.2 магистральдық конвейерге қосылады. Бұл схема қолданыстағы магистральды конвейер желісін физикалық тұрғыда ұзартуды және жұмыс істеп тұрған конвейерлерді кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздейді. Нәтижесінде кенді шахтаның терең қабатынан тікелей байыту фабрикасына жеткізетін бірыңғай үздіксіз тасымалдау жүйесі құрылады.

Тікелей экономикалық тиімділік пен автопаркке жұмсалатын шығынды қысқартумен қатар, жоба өндірістегі еңбек қауіпсіздігі деңгейін де көтереді. Тау-кен массасының миллиондаған көлемін тасымалдау үдерісін автоматтандыру адамдардың жер астындағы қауіпті аймақтарға кіру қажеттілігін жояды. Бұл инженерлік шешімдерді жүзеге асыру кенді үздіксіз шығаруға, өндірістік үдерістің тиімділігін арттыруға және «Нұрқазған» кенішінің тұрақты жұмысы мен ұзақ мерзімді дамуына қажетті берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.