«Қазақмыс» ҚҚМЖЗ жұмысшыларының отандық өндірісті дамытуға қосқан үлесін атап өтті
«Maker» ЖШС-ның Қарағанды құю-машина жасау зауытында Машина жасаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мереке аясында кәсіпорын жұмыскерлері еңбектегі жетістігі мен өз ісіне деген адалдығы үшін марапатталды.

Салтанатты шараға «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, Қазақстан Машина жасаушылар одағының Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков, сондай-ақ кәсіпорынның серіктестері мен қонақтары қатысты.
Руслан Өскенәлі құттықтау сөзінде Қарағанды құю-машина жасау зауытының отандық машина жасау саласын дамытудағы маңызды рөліне тоқталды.
«Бүгінде Қарағанды құю-машина жасау зауытында 800-ден астам маман еңбек етеді. Кәсіпорында 75 жұмысшы мамандығы бар. Зауыт жыл сайын 12 мыңнан астам өнім түрін шығарып, 13 мың тоннадан астам дайын өнім өндіреді. Қазақстанның өнімді терең өңдеуге және отандық өндірісті дамытуға бет алған қазіргі кезеңінде ҚҚМЖЗ алдында өнім түрлерін кеңейту, жаңа жабдықтарды игеру, еңбек өнімділігін арттыру және жаңа нарықтарға шығу міндеттері тұр», – деді Руслан Өскенәлі.

Руслан Өскенәлі атап өткендей, Қазақмыста 2026 жыл Қауіпсіздік жылы деп жарияланды, сондықтан өндірістік кәсіпорын үшін қауіпсіздік басшыдан бастап әр қызметкерге дейін күнделікті жұмыс мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарын марапаттау рәсімі мерекелік шараның маңызды бөлігіне айналды. Кәсіби білімі, жауапкершілігі және көп жылғы еңбегі үшін ҚҚМЖЗ жұмыскерлеріне мемлекеттік, салалық және корпоративтік наградалар табысталды. Олардың қатарында III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі, Қарағанды қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Машина жасаушылар одағының «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісі және «Іске адалдығы үшін» медалі бар. Сондай-ақ жұмыскерлерге Бақылау кеңесі төрағасының, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының және «Maker» ЖШС Басқарма төрағасының Құрмет грамоталары табысталды. Бұл марапаттар жұмыскерлердің кәсіби шеберлігі мен кәсіпорынның және отандық машина жасау саласының дамуына қосқан үлесінің лайықты бағасы болды.

Мерекелік бағдарлама әсем ән мен биге ұласты. Шара барысында кәсіпорын жұмыскерлері мен ардагерлеріне кәсіби шеберлігі, көп жылғы еңбегі және зауыт дәстүрін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтылды.
Анықтама: Қарағанды құю-машина жасау зауытының тарихы 1941 жылдан бастау алады. Бүгінде кәсіпорында 800-ге жуық маман еңбек етеді. Зауыт жыл сайын 12 мыңнан астам өнім түрін және 13 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады. Кәсіпорынның негізгі тапсырыс берушілері қатарында «Қазақмыс», «Qarmet», «ERG», «Қазцинк» компаниялары және жақын шетелдегі 100-ге жуық кәсіпорын бар. ҚҚМЖЗ өнімдері тау-кен байыту кәсіпорындары мен ірі мұнай-газ кен орындарында қолданылады.












