«Қазақмыс» құрамына өткеннен кейін ШБФ жұмыскерлері үшін не өзгерді
Биыл Шатыркөл байыту фабрикасы (ШБФ) «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның тікелей басқаруына өткеннен кейін кәсіпорында алға қойылған әлеуметтік және өндірістік міндеттемелер кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Өткен кезеңде фабрика жұмыскерлеріне арналған материалдық жеңілдіктер ауқымы кеңейтіліп, еңбек жағдайына қойылатын жаңа стандарттар енгізілді.

Жұмыскерлерді материалдық ынталандыру жүйесінің айтарлықтай күшеюі интеграцияның негізгі нәтижелерінің бірі болды. Фабрика жұмыскерлері компанияның материалдық ынталандыру жүйесіне қосылып, тоқсан сайынғы тұрақты төлемдерге, мемлекеттік және кәсіби мерекелерге орай берілетін сыйақыға ие болды. Сондай-ақ қолданыстағы ұжымдық шарттың талаптарымен қамтылып, жиынтық табыс деңгейінің артуына қол жеткізді. Айта кетейік, жұмыскерлердің жалақысы, вахталық жұмыс кестесі, жатын орынмен және тамақпен қамтылуы сияқты негізгі еңбек шарты өзгермей, сақталып қалды.
Кәсіпорынды техникалық жарақтандыру және ұжымның кәсіби біліктілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Биылғы тамыз-қараша айлары аралығында фабрикаға жалпы құны600 млн теңгеден асатын 12 техника бірлігі жеткізіледі. Бұдан бөлек жақын арада құны 442 млн теңгеден асатын тағы бес автокөлік сатып алу жоспарланған.
Жұмыскерлерді жаңа стандарттарға бейімдеу мақсатында құжат айналымына қойылатын корпоративтік талап бойынша оқыту ұйымдастырылды. Ал жоспарлы аттестаттау еңбек жағдайын одан әрі жетілдіруге және кадрлық әлеуетті дамытуға ықпал етуде.
Корпорация Шатыркөл-Жайсаң кластері алаңында әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Корпоративтік спортты дамыту аясында 2027 жылы типтік футбол алаңдарын, спорт алаңдарымен Workout Zone аймақтарын салу жоспарлануда. Бұл жұмыскерлердің ауысым аралық үзіліс кезінде дене шынықтырумен айналысуына және сапалы демалуына қолайлы жағдай жасайды.
«Қазақмыс корпорациясының» тікелей басқаруына өту фабриканың «Шатыркөл» және «Жайсаң» кеніштерімен біртұтас өндірістік жүйеде жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптік қауіпсіздік пен технологиялық тәртіптің және әлеуметтік тұрақтылық бағытындағы бірыңғай жоғары стандарттың сақталуын қамтамасыз етеді.
Анықтама: Шатыркөл байыту фабрикасы Шатыркөл және Жайсан кен орындарынан өндірілетін мыс-молибден кенін өңдеуді жүзеге асырады. Кенді байыту флотация әдісімен жүргізіледі — бұл әлемде мыс кендерін байытуда қолданылатын экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологиялардың бірі.



