Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

МЕТАЛЛ БАЛҚЫТАТЫН ЖЕРДЕ

Жезқазған мыс балқыту зауытының өндірістік алаңын балқыту цехы басшысы Жандос Ізтілеуов аралатты. — Біздің цехта 500-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың ішінде балқытушылар, конвертершілер, түсті металл құюшылар, кран машинистері, шихта тиеушілер, пеш пен газ жолдарын тазартушылар, сондай-ақ екі қосалқы қызметтің мамандары бар, — дейді Жандос маған түсіндіріп. — Мен балқытушы болып бірнеше ауысымда істедім. Цехта Берік Ақпанбетов, Бейбіт Ахметбеков, Әбдімәжит Есенбаев сынды тәжірибелі мамандар еңбек етті. Кейін конвертер-анод учаскесінің шебері атандым, содан соң аға шебер, конвертер учаскесінің бастығы, цехтың бас инженері болдым. Төрт жылдан бері осы цехқа жетекшілік етемін. Әңгімелесе жүріп балқыту цехының анод учаскесіне де келдік. Қанат Әйтеновтің ыстық цехтағы еңбек жолы 30 жылдан асып жығылады. 20 жылдан астам уақыттан бері өзінің «туған» ауысымында бригадир. Көп сөйлемейтін, сөзі мен ісіне мығым Қанат Әйтеновтің ұжымда да беделі жоғары. Осы уақыт ішіне Қанат аға Әли Қожахметов, Наурыз Оразбек, Алмаз Елемесов сынды көптеген жігіттерді «металлургия ісінің» қыр-сырына қанықтырды. Қанат ағамен арадағы әңгіме карусельді құю машинасы жанында жалғасын тапты. Балқытылған металл құйылған «карусель» баппен айналып жатыр. Ыстығы бетіңді қариды. Дегенмен сұлулығына тәнті етпей қоймайды. Жалпы, менің түсінгенім: металл – бұрқылдап қайнайтын, шағылысып жататын, бірбеткей «жанды» сұйықтық. Оны жаны таза, еңбекке жан-тәнімен берілетін қызуқанды адам ғана бағындыра алады. Осы анод цехындағы Әйтенов бригадасында ағайынды Алмаз бен Жандос Елемесовтер еңбек етеді. Атақты Елемесовтер династиясының өкілдері. Өндірісшілер әулетінің негізін атасы Сұлтан қалаған. Содан бері үлкен отбасы тағдырын металлург кәсібімен байланыстырыпты. Алмаз – Әйтенов бригадасындағы аға балқытушылардың бірі. Өндіріске 18 жастан бастап араласқан ол 2018 жылдан бері қарай анод учаскесінде балқыту маманы. — Балқытылған металл әдемі қыздың жүзіндей ашық түсті, теп-тегіс, жұмсақ болуы тиіс. Осындай металды ғана сапасы тамаша анод мысы деуге болады! — дейді ағайынды Елемесовтер. Анод учаскесіндегі тәжірибелі металлургтердің бірегейі – Қанат Әлиакпаров пен Ерен Жараспаев. 5-ші санаттағы мамандар түсті металл құюмен айналысады. Екеуі де өз ісінің шебері, учаскедегі технологиялық процесті өз бетінше жүргізуге сауаты жетеді. Ал, анод учаскесіндегі жоспардың орындалу барысы мен техника қауіпсіздігі үшін шебер Медет Байшорин жауапты. Әлеуеті мен өндірістегі еңбек өтілі жоғары инженер-металлург. Нағыз ерлер еңбек ететін ұжымның шағын портреті міне, осындай. Қарапайым, еңбекпен ғана өмір сүретін еңбекқор адамдар. Олардың өмірі өскелең ұрпаққа үлгі етуге әбден лайық. Ләззат СМАҒҰЛОВА

Смотрите также

Қазақмыс қытайлық инжинирингтік компаниялармен жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысын талқылауда
25.05.2026
Қазақмыс қытайлық инжинирингтік компаниялармен жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысын талқылауда
«Qauipsizdik Start» бағдарламасы арқылы «Қазақмыс» қауіпсіздік мәдениетін дамытуды жалғастыруда
25.05.2026
«Qauipsizdik Start» бағдарламасы арқылы «Қазақмыс» қауіпсіздік мәдениетін дамытуды жалғастыруда
Қазақмыс Қытайдағы металлургия және энергетика салаларының озық технологияларын зерттеуде
24.05.2026
Қазақмыс Қытайдағы металлургия және энергетика салаларының озық технологияларын зерттеуде