Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

«JasSkills Kazakhmys 2023»

Кәсіби чемпионатқа 20 мектептен 217 оқушы қатысуға өтініш білдірген. Политехникалық колледж директоры Айгүл Сыздықованың айтуынша, «JasSkills Kazakhmys 2023» жарысы оқушылардың кәсіби бағдарлануы мен заманауи жұмысшы мамандықтарын игеруіне жаңа мүмкіндіктер туғызады. Чемпионат төрт құзырет бойынша өткізіледі: «Дәнекерлеу ісі», «Электромонтаж», «Слесарлық-жөндеу жұмыстары» және «Металлургия». Бірінші кезеңде 217 үміткердің ішінен қатысушы мектептердің әрқайсысында үздік деп танылған 74 қатысушы іріктелді. Екінші кезеңде конкурсанттар әртүрлі тапсырмаларды орындап, жұмысшы кәсіптеріне деген қызығушылықты ескере отырып, құзыреттілікті таңдады. Нәтижесінде 20 қатысушы чемпионаттың финалистері атанды. Чемпионаттың шешуші кезеңінде қатысушылар 2,5 сағат бойы өздерінің кәсіби дағдыларын көрсетті. «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігінде №7 мектеп-гимназиясынан Мадияр Сапарғалиев алтын жүлдегер атанды. С. Сейфуллин атындағы аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған мектеп-интернаттан Әбдікәрім Самат күмісті жеңіп алса, қола жүлдені А.Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Владимир Ходаков жеңіп алды. «Электромонтаж» құзыреттілігінде А. Бөкейханов атындағы № 15 мектеп-лицейінен Әлішер Павлик алтын, А.Ермеков атындағы мектеп-лицейінен Кристина Борикова күміс, Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп оқушысы Нұрлан Кәрібеков күміс жүлдегер атанды. «Слесарьлық істе» бірінші орынды №4 мектептен Ратмир Гильфанов, екінші орынды №5 мектептен Бекқожа Бөкен лайықты иеленді. Құрметті 3 орынды А. Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы Берікжан Әбілмансұр жеңіп алды. «Металлургия» құзыреттілігінде алтын және қола жүлделер «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицейінен  Нұртілеу Тілекұлы мен Аяулым Ерімбетоваға табысталды, №3 мектептен Расул Гранкин күмісті жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар «Қазақмыс» Корпорациясы мен Балқаш қаласының Жастар ресурстық орталығынан бағалы сыйлықтар, жүлдедер мен Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ляззат Смагулова.