Ғалым Нұржанов «Kazakhmys Barlau» міндеттері мен жетістіктері туралы
08.12.2020
Ғалым Жұмабайұлы, компания бүгінгі таңда қандай негізгі жобаларды іске асыруда және олар еліміздің қандай өңірлерінде шоғырланған? Бүгінде қандай жобаларға негізгі басымдылық беріліп отыр? - Қазіргі уақытта біз 14 инвестициялық жобаны іске асырудамыз, олардың ішіндегі 5 жоба – жаңа және осы жылы басталған. Негізінен олар Жезқазған, Балқаш және Сәтбаев сияқты моноқалаларға жақын жерлерде және де, геологиялық барлау жағынан маңызды және перспективті болып келетін Ұлытау мен Қарағайлы аудандарында шоғырланған. Жобалар біздің өнеркәсіптік объектілер болып табылатын кеніштердің, байыту фабрикалардың, зауыттардың маңында іске асырылады. Біз геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу есебінен қысқа мерзімнің ішінде минералды-шикізат базасын толықтыруды көздеп отырмыз. Басым бағыттарға келер болсақ, біз мысқа, полиметалға, алтынға және күміске басымдық береміз. Біз жүргізетін геологиялық барлау жұмыстары қазылатын кен орындарының ресурстық әлеуетін кешенді бағалауды, сондай-ақ жаңа учаскелерде және толығымен зерттелмеген кенашылымдарда іздестіру жұмыстарын жүргізуді қамтиды. Корпорацияның бірінші тұлғаларының баяндамаларында Жезқазғанға «екінші тыныс» беру туралы жиі айтылады. Бір кездері ұлы геолог Қаныш Сәтбаев ашқан істі қайта дамытудың нақты келешегі бар ма? - Жезқазған алаңында жұмыстар өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап жүргізіліп келе жатқаны бәріне белгілі. Сондықтан, Жезқазған жақсы зерттелген. Дегенмен, бүгінде біз 1974 жылдан бастап жүргізілмеген болжау-тексеру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Біздің команда құзырлы мамандардан құрылған, олар алдыңғы зерттеулердің барлық нәтижелерін қайта қарап, оларды зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Мұнда түбегейлі жаңа кен орындары ашылады деп күтпеуге болады, бірақ біз қалыс қалған немесе толықтай зерттелмеген учаскелердің бар болуын болжап отырмыз. Жаңа технологиялар, өңдеудің заманауи құралдары, геологиялық-геофизикалық деректерге кешенді қайта түсінік беру, сондай-ақ жоғары сапалы іздестірудің геологиялық барлау жұмыстары бізге оларды анықтауға мүмкіндік береді деп сенеміз. Жезқазған өңірінің шегінде іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу үшін ұсынылған кен қазу перспективасы бар 50 объект бөлінген, олардың бірнешеуінде Kazakhmys Barlau жұмыстар жүргізуде. Біз үшін келешегі бар аймақтар – Жаман-Айбат және Жыланды кен орындарының тобы. Сонымен, соңғысында, мысалға, болжамды ресурстардың өсімі 700 мың тонна мысты құрайды деп күтілуде. Бұл жақсы өсім. Келесі жылдан бастап растау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз, болжам расталады деп ойлаймын. Қазылған кеңістікті және қалған қорларды тексеру үшін дрондарды қолдану саласындағы серіктес әлемдік көшбасшы «KazUAV» ЖШС компаниясын қатыстыру арқылы Жезқазған кен орнында автономды ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен кен қазбаларына үш өлшемді сканерлеу жүргізу басталды. Аталған жұмыстар оң нәтиже беріп, Жезқазған өңірінің минералды-шикізат базасын толықтыру мен дамытуға айтарлықтай үлес қосады деп үміттенеміз. Сондықтан, айта кететіні, Жезқазған-Ұлытау ауданы пайдалы қазбалардың әрқилы түрлеріне жоғары перспективалы болып қала бермек және геологиялық іздестіруді заманауи ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді, жоғары тиімді геологиялық барлау технологияларын, геологиялық-геофизикалық деректерді өңдеу әдістемелерін пайдалану арқылы кешенді және жоспарлы түрде зерделеуді талап етеді. Бұл жұмыстарды біз жүйелі және кезеңді түрде жүргізудеміз, қалғаны уақыт еншісінде. Міндеттерді шешуде ғылыми тәсілдер қолданылып, сондай-ақ жаңа технологиялар пайдаланылатындықтан геология өз алдына дербес ғылым болып саналады. Kazakhmys Barlau жобалары мен ғылым түйіндескен деп айтуға бола ма? Ғылыми тұрғыдан Сіздер қандай жаңа тәсілдерді қолданасыздар? - Геология – бұл ғылым. Сондықтан геологиялық зерттеулер жүргізуде ең алдымен ғылыми тәсілдер пайдаланылады. Егер бүгінгі күнге дейін Қазақстанда көптеген аймақтар негізінен 300 метрге дейінгі тереңдікте зерттелген болса, қазір біз одан да терең зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін геофизикалық технологияларды қолданамыз. Мысалы, өткен жылдан бастап канадалық компаниямен жұмыс жасауды бастадық, аталған компания мыс кен орнын іздеу үшін дрондар мен ұшқышсыз аппараттарды, жерүсті электр барлау зерттеулерін қолдану арқылы аэромагнитті түсірілім технологиясын жеткізді. Технологияны қолдану бүгіннің өзінде жақсы нәтижелер көрсетуде, осындай мысалдардың бірі – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Озерное кен орны, онда кейбір ауытқулар расталды. Бұл технологияның жұмыс істейтінін көрсетеді, біз оларды басқа учаскелерде де пайдалануды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар біз осы жылы Қазақстанда алғаш рет жерасты қазбаларының 3D–түсірілімін іске қостық. Жұмыс нәтижелері бойынша зерттелетін учаскелердің геологиялық құрылымы туралы түсінік беретін, нақты геологиялық модель алу жоспарланып отыр. Ұлытау ауданының Дүйсембай алаңында біз осы жылы геологиялық зерттеулерді ғылыми тұрғыдан негіздеудің тиімді кеңестік тәжірибені пайдаландық, жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстарын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін бұл жұмыстарға бәрімізге белгілі Мәскеу қаласының орталық ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институтын тарттық. Мұндай тәсіл міндетті түрде жаңа кен орындарын ашу болмаса да, перспективалы алаңдарда минералды ресурстарды сапалы болжауға және бағалауға әкеледі деп сенеміз. Кезінде Жезқазған аймағында «Жезқазғангеология» АҚ үлкен рөл атқарды. Біздің білуімізше, бүгін сіздер Жезқазғанның көптеген жылдар бойы жұмыс істемеген өнеркәсіптік инфрақұрылымын қалпына келтіруді қолға алдыңыздар. Бұл алаңда қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда? - Кезінде Жезқазған аймағында «Жезқазғангеология» АҚ үлкен рөл атқарды - бұл құзыреттер орталығы болатын. Бұны әйгілі геолог Қаныш Сәтбаевтың тумасы деп те айтуға болады. Бірақ көптеген жылдар бойы компания жұмыс істемеді. Алайда, жергілікті ардагер ақсақалдар, бұрынғы геологтар мен кеншілер бізден оның жұмысын қалпына келтіруді сұрап жүрді. Біз оны сатып алып, қарыздарын жауып, «Жезқазғангеология» базасында өзіміздің шағын геологиялық кластерімізді құруды жоспарлап қойдық. Оның аумағында біз жынысөзек қоймасы мен жаңа форматтағы зертхана салу арқылы қуаттылықты күшейтуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, әлемнің барлық геологтері негізінен сақтау мәселесінің маңыздылығын біледі. Геологиялық барлау жұмыстарын орындау барысында алынған тас материал кен орны туралы бірегей ақпаратты қамтуы мүмкін. Сондықтан біздің компаниямыздың алдында қазіргі және болашақ буын геологтері үшін жынысөзекті сақтап қана қоймай, кен орындарын игеру тиімділігін арттыруға ықпал ететін геологиялық барлаудың ақпараттылығын арттыру міндеті тұр. Сондай-ақ, жеке зертхананы, оқыту орталықтарын құру бойынша күрделі құрылыс және жөндеу жұмыстары, оған қоса біздің жас мамандарға арналған жатақхана салу жоспарда бар. Біз жас ғалымдардың мұнда ғылыммен айналысуы үшін, халықаралық консультанттар мен сарапшыларды тарта отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін барлық жағдайды жасағымыз келеді. Бүгінгі күнде өнеркәсіптің барлық салаларында әртүрлі цифрлық тәсілдер іске асырылуда. Kazakhmys Barlau осы бағыттағы көшбасшылардың бірі ретінде жылдам қарқын алып, көптеген технологиялық және цифрлық жобаларды іске қосты. Сіз олардың қандай жобалар екенін және олар қазір неге маңызды екенін айтып бересіз бе? - "Kazakhmys Barlau" көптеген технологиялық және цифрлық жобаларды іске асыруда, біз осы бағыттағы көшбасшылардың бірі бола отырып, басынан бастап геологиялық барлау жұмыстарын цифрландыруға бағдар алдық. Осы жылдың көктемінде біз компанияның шалғай объектілерінде геологиялық деректерді жинау, өңдеу және сақтау бойынша порталды іске қостық. Өзіміздің кен орындарымызды спутниктік байланыспен қамтамасыз ету үшін жабдық сатып алдық. Қазіргі таңда дала жұмыстарымен айналысатын геологтер жылдың кез келген мезгілінде және кез-келген ауа райында жынысөзек (V - ұңғымадан алынған тау жынысының үлгісі) шыққаннан кейін оны бірден суретке түсіріп, материалдарды әрі қарай талдау үшін орталық кеңсеге жібере алады. Біздің ойымызша, бұл барлау жұмыстарын едәуір жылдамдатады: жоба жетекшілері жедел мәліметтер алып, далада жұмыс істейтін геологтердің жұмысын онлайн режимінде реттей алады. Жалпы, барлық жаңа технологиялар сапалы байланыссыз жұмыс істей алмайды. Жезқазған, Балқаш бойынша, тіпті Қарағанды облысы бойынша тарихи ескі материалдардан жиналған деректер базасын цифрландыруды ең маңызды жобалардың бірі деп санаймын. Толық электрондық деректер базасы 2022 жылға дейін толықтай қалыптастырылады деп ойлаймын. Қазіргі кезде біздің компаниямыздың техникалық мүмкіндіктері, заманауи тәсілдер және озық әрі инновациялық технологияларды қолдану жыл мезгіліне қарамастан, геологиялық барлау жұмыстарын жылына 365 күн үздіксіз жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінде көптеген басқа геологиялық барлау компаниялары өз жұмыстарын маусымдық және ауа-райы жағдайларын ескере отырып жоспарлайды ғой. Сіздің компания жаңадан құрылған жас компания болса да, геология саласында әрі жалпы нарықта тез қарқындап дамып келеді. Сонымен қатар, ол өзін геожобаларға көп қаржы салатын ірі кәсіпорындардың бірі ретінде де көрсете білді. Компания геологиялық барлау жобаларына инвестиция салу тәуекелдерін қалай есептейді? Компания жұмысын бастағаннан бері геологиялық барлауға қанша инвестиция салды? - Геологиялық барлау жұмысы инвестициялық жобалар үшін аса қауіпті екені бұрыннан белгілі. Егер мыңдаған жобалардың біреуі сәтті шықса, онда ол қалған жобалардың шығындарын жауып кетеді деп саналады. Біз көптеген жобаларымыздың тәуекелді екенін білеміз, бірақ біз бұл тәуекелдерді есептеп, жан-жақты зерттейміз, барлық тарихи материалдарды көтеріп, оларды салыстырып тексереміз және де жаңа технологияларды қолданамыз. Мұның бәрі іздеу уақытын қысқартып, кез-келген ықтимал тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Барлық оңай қол жетімді кен орындарының құрамы төмен немесе қоспалармен бірге жүретінін немесе қуаты аз екенін бәрі біледі. Ірі әлеуетті кен орындары қандай да бір инфрақұрылымы жоқ, қол жеткізу қиын жерлерде немесе терең (жабық кен орындары) орналасқан. Мысалы, бұрын әлемде орта және ірі кен орындары әр 3-5 жыл сайын ашылса, қазір статистика бойынша мұндай процесс әр 7-10 жыл сайын жүреді. Ірі кен орнын ашу үшін кешенді талдау мен ғылыми тәсіл қажет. Соңғы 2 жылда жобаларымызға 9,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция салдық, компания құрылғаннан бері инвестиция көлемі 5 есеге өсті және жыл сайын олар арта түсуде. Біздің мақсатымыз – өндірістеріміздің қажеттіліктерін толық қанағаттандыру. Холдинг бойынша қорлар шамамен 1,5 млрд. тоннаны құрайды. Егер біз жыл сайын шамамен 15-20 млн. тонна шикізат өндіретін болсақ, бұл біздің кәсіпорындарымыздың 50-70 жыл жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Сондықтан осы көрсеткіштерді арттыруға барынша тырысамыз. Сіз өз кадрларыңызды қалай жасақтайсыз? Компанияда менторлық немесе тәлімгерлік жүйесі қалыптасқан ба? - Kazakhmys Barlau компаниясы үшін біліктілігі жоғары кадрларды іріктеу – алға қойылған стратегиялық міндеттерді іске асыруда сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін негізгі құраушы ресурс болып табылады. Біздің кадрлар – біздің басты құндылығымыз. Бүгінде бізде өндірістік және ғылыми жұмыс тәжірибесі мол 300-ден астам қызметкер еңбек етеді. Қызметкерлеріміз біліктіліктерін тұрақты түрде арттырып отырады, оларды үнемі оқуға, форумдар мен семинарларға қатысуға жібереміз, мамандарымызбен өз білімдерімен бөлісетін сарапшыларды тартамыз. Сонымен қатар, жыл сайын біздің компанияның негізінде бірнеше жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері жалақы төленетін өндірістік практикадан өтеді. Өздерін барынша жақсы қырынан көрсеткен практиканттарды кадрлық резервке қосып, оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа конкурссыз қабылдаймыз. Бұл жылына кем дегенде 10-12 жас маманды құрайды. Сондай-ақ, геолог мамандығына деген қызығушылықты ояту үшін биыл біз алғаш рет Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жас геологтер үйірмелерін құрдық. Бұған 100 бала қамтылды. Болашақта Балқаш, Теміртау қалаларында, Қарағайлы, Саяқ, Ұлытау, Қарсақпай кенттерінде де осындай үйірмелер ашу жоспарда бар. Ғалым Жұмабайұлы, Сіздің геология саласында мол тәжірибеңіз бар, кен орындарын іздеу барысында, шын мәнінде, сәттілік, ішкі түйсігіңіз, кәсіби командаңыз әлде нақты геологиялық есеп маңызды ма? - Геологтерді романтиктер деп айтып жатады, сондықтан олар сәттілікке көбірек сенеді. Бірақ бұл сәттілікке ғана сүйенген XIX ғасырдағы геологтарға қатысты, ал бүгінде біз технологиялар мен ғылымның дамуына байланысты осыларға көбірек көңіл бөлеміз. Геологиялық зерттеу әрқашанда қауіпті, ұзақ, капиталды қажет ететін процесс екендігі белгілі және ол әрдайым сәтті аяқталып, салынған инвестициялар әрдайым орала бермейді. Геологиялық тәуекелдер мен ықтимал бағалауды алдыңғы зерттеулер мен тарихи деректердің барлық нәтижелерін ескере отырып, жоспарлау кезеңін де ескеру қажет. Геологиялық тәуекел немесе оның кері мәні – перспективалы кен орнын табу ықтималдығы – зерттелетін аумақтың геологиялық құрылымының және оның қалыптасу тарихының белгісіз болуына байланысты. Әрине, біздің геолог кадрлардың кәсіби түйсігі де бұл жерде өз рөлін атқаратынын жоққа шығармаймын. Себебі кез-келген кен орнын зерттеу мамандардың тікелей біліктілігіне байланысты. Геологтердің біліктілігі мен кәсібилігі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым сәттілік ықтималдығы жоғары болады. Сонымен, менің ойымша, кадрлардың жоғары кәсібилігі және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келетін өндірістік технологиялардың біліктілігі тәуекелдерді барынша азайтып, жұмыстардың орындалу сапасын сақтандырудың пәрменді тетігі болуы тиіс. Енді сұхбатымыздың соңында, «Ел Үміті» салалық бағдарламасы аясындағы Сізден сала көшбасшысы ретіндегі жұмысыңыз жайлы сұрамай кете алмаймын. Геологиялық барлау саласындағы салалық менеджерлер тобыңыз қандай бастамаларды көтеруде? - Бағдарлама аясында мұнайдан бастап түсті металдарға дейінгі түрлі бағыттағы мамандардан команда құрылды. Біздің команда геологиялық кластер құруға, сондай-ақ оның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тетіктерін әзірлеуге жауап береді. Көбінесе мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдер шындыққа сәйкес келмей, олар мен сала арасындағы байланыс жоғалады. Сондықтан да біз саладағы қалыптасқан проблемаларды жеткізіп, оларды шешу идеялары мен әзірлемелер ұсыну үшін барлығымыз жұмылдық. Бүгінгі таңда біздің командамыз геологиялық кластер құру бойынша әлемдік тәжірибені, сондай-ақ геологиялық инфрақұрылымды құру үшін оның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін зерделеу барысында қыруар жұмыстар атқарды. Біз бұл өзгерістердің пайда әкеліп, болашақта жақсы нәтиже бергенін қалаймыз. Дереккөз: vlast.kz



