Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Жезқазған өңіріндегі кәсіпорындардың 695 жас жұмыскерінің қауіпсіздік бойынша білімі тексеріледі

«Қазақмыс» Тобының Жезқазған өңіріндегі кәсіпорындарында жұмыс істейтін жас жұмыскерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы білімін тексеру басталды. Компанияда жарияланған «Қауіпсіздік жылы» аясында 35 жасқа дейінгі, еңбек өтілі бір жылдан аз 695 қызметкердің дайындық деңгейі бағаланады. Жезқазған байыту фабрикасының қызметкерлері тексеруден өтуге алғашқылардың бірі болып кірісті.



Бастама қауіпсіз еңбек мәдениетін арттыруға, жас мамандардың кәсіби дағдысын нығайтуға және өндірістік тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Сауалнама барысында жұмыскерлердің еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік талабы бойынша білім деңгейі бағаланады, сондай-ақ қосымша оқыту мен түсіндіру жұмысын қажет ететін тақырыптар анықталады.

Қазақмыста жас жұмыскерлерді даярлау жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жұмысқа қабылданғаннан кейін қызметкер тәжірибелі тәлімгердің жетекшілігімен үш айлық бейімделу кезеңінен өтеді, кейін біліктілік емтиханын тапсырып, өз бетінше жұмыс істеуге рұқсат алады. Үш айдан кейін қауіпсіздік талаптарының қаншалықты меңгерілгенін және оларды нақты өндірістік жағдайда қолдануға дайындық қандай екенін анықтау үшін білім деңгейі алғаш рет кешенді түрде бағаланады.



Бірінші бағалаудан кейін жарты жыл өткен соң қайта тексеруден өтеді. Мұндай тәсіл алғашқы жұмыс жылы ішінде жас мамандардың дайындық деңгейін тұрақты бақылауға және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюға мүмкіндік береді.

Компания мұндай тексеру білім беру және тәуекелдің алдын алу сипатында жүргізілетіні атап өтті. Дайындық жеткіліксіз екені анықталса, жұмыскерге қосымша тәлімгер бекітіліп, ол Qauipsizdik Start (QStart) кіріспе курсы бойынша қайта оқытылады.



Жас мамандар «Қазақмыс» компаниясының өндірістік қауіпсіздік қызметінің тұрақты назарында. Тәлімгерлік, білімді жүйелі бағалау, тәжірибелік оқыту және құзыретті үздіксіз жетілдіру компания кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру мен өндірістік жарақаттың алдын алудың негізгі құралы болып қала береді.