Жұмыскерлермен өткен кездесудің қорытындысы бойынша Қазақмыс жаңғырту мен қауіпсіздікке қосымша қаржы бөледі
Оңтүстік Жезқазған кенішінің өндірістік алаңында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазған өңірі кәсіпорындарының еңбек ұжымы өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде тараптар жаңғырту бағдарламасының іске асырылу барысын, өндірістік қауіпсіздік мәселесін және жұмыскерлердің еңбек жағдайын одан әрі жақсарту бағыттарын талқылады.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі кәсіпорындарды техникалық жаңғырту мәселесі болды. Тау-кен жабдығының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында компания қосымша 6,7 млрд теңге қаражат бөлді. Оның 4,37 млрд теңгеден астамы Жезқазған аумақтық өндірістік кешенінің кәсіпорындарына бағытталды. Жөндеу жұмысының негізгі көлемі мен материалдарды жеткізу биыл шілде-қазан айларына жоспарланған.
Өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасуда. Шаңдану деңгейін төмендету мақсатында 10 тамызға дейін Жомарт кенішіне төрт жаңа желдеткіш жеткізіледі. Ал тамыз айының соңына дейін Шығыс Жезқазған, Батыс Жезқазған және Оңтүстік Жезқазған кеніштері, сондай-ақ Шатыркөл мен Жайсаң заманауи желдету жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар «Корфманн» жоғары өнімді қондырғылары енгізілуде. Бұдан бөлек 20 қыркүйекке дейін өндірістік учаскелерде қосымша 19 КТЖҚШ қосалқы станциясы орнатылады. Бұл техниканың жер астында тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Жаңғырту жұмысымен қатар компания қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыру және олардың әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейту бағытындағы шараларды да күшейтіп жатыр. Кеніш автопаркін Toyota Hilux автокөліктерімен жаңарту бағдарламасы аяқталды, арнайы киімдерді есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде, қызметкерлердің сұранысы бойынша «Карбон С 192» жаңа қорғаныс етіктеріне көшу жүзеге асырылуда, екінші санаттағы қорғаныс деңгейіндегі неғұрлым ыңғайлы жартылай маскалар мен сүзгілер сатып алынуда.
Өндірістік қауіпсіздік мәдениетіне ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері кәсіпорындарда қауіпті фактор анықталған жағдайда жұмысты уақытша тоқтатудың 163 фактісі тіркелді. Тәуекелдерді жою кезеңінде жұмыскерлердің жалақысы толық көлемде сақталды.
Кадрлық әлеуетті нығайту басты назарда. 15 маусымдағы жағдай бойынша Жезқазған аумақтық кешенінде 187 бос жұмыс орны бар, оның 132-сі бойынша үміткерлерді рәсімдеу жұмысы жүргізілуде. Жомарт кенішінде негізгі тау-кен мамандықтары бойынша қосымша 15 штаттық бірлік енгізілуде, бұл қолданыстағы жерасты өндірістік бригадаларына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында еңбек ұжымымен тұрақты тікелей диалог жүргізу компания кәсіпорындарының өндірістік тиімділігін, қауіпсіздігін және тұрақты дамуын арттырудың негізгі құралдарының бірі болып қала беретіні атап өтілді.



