Қазақмыс SmartLab жобасын іске қосады: жұмыскерлер өндірістік идеясы үшін 15 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады
Қазақмыста өндірісті үздіксіз жетілдіруге бағытталған SmartLab жүйесі енгізілді. Ол әрбір жұмыскерге өндірісті жетілдіру бойынша ұсыныс енгізіп, оны жүзеге асыруға қатысуға және қол жеткізілген нәтиже үшін ақшалай сыйақы алуға мүмкіндік береді.

SmartLab жүйесінің негізінде өндірісте күнделікті еңбек ететін адамдардың практикалық тәжірибесі жатыр. Өндіріс орнында жұмыс істейтін жұмыскерлер қауіпсіздікті арттыруға, үдерісті жеңілдетуге, шығын мен ысырапты азайтуға, сондай-ақ өнім сапасы мен еңбек өнімділігін жақсартуға болатын тұстарды жақсы біледі және алғашқылардың бірі болып байқайды.

Ұсыныс өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігі мен өнім сапасын арттыруға, шығынды азайтуға, экологиялық және энергетикалық тиімділікті көтеруге, сондай-ақ өндірістік және бизнес-үдерісті жетілдіруге бағытталуы мүмкін.
Бастаманы компанияның кез келген қызметкері ұсына алады. Бұл үшін мәселені және ұсынылып отырған шешімді қысқаша сипаттап, идея ұсыну бланкін толтыру қажет. Қажеттілігіне қарай сызбаларды, сұлба мен фотосуреттерді немесе есептеулерді қоса беруге болады.

Толтырылған бланкті жақсарту жөніндегі әкімшіге жеке тапсырады немесе электронды пошта арқылы жолдайды. Әкімші ұсынысты рәсімдеу барысында кеңес беріп, оны тексеріп, тіркегеннен кейін қарауға жібереді.
Ұсыныс тіркелгеннен соң, екі деңгейде, алдымен, кәсіпорынның Сараптамалық кеңесінде, кейін компанияның Техникалық кеңесінде қаралады. Талқылауға нақты бастамаға қатысты сараптамалық білімі бар басшылар мен бейінді мамандар қатысады. Автор идеясын өзі таныстырып, артықшылығын түсіндіріп, талқылауға қатыса алады.

Егер бастама мақұлданса, оны іске асыру мерзімі мен жауапты тұлғалар айқындалады. Тиімділігі іс жүзінде дәлелденген және басқа кәсіпорындарда да қолдануға болатын шешімдер одан әрі Топ кәсіпорындарына енгізуге ұсынылуы мүмкін.
Қабылданып, өндіріске енгізілген бастама үшін ақшалай сыйақы беру көзделген. Экономикалық тиімділігі расталған ұсыныс бойынша сыйақы мөлшері нақты жылдық экономикалық әсердің 10%-на дейінгі мөлшерде төленеді, алайда оның көлемі 15 млн теңгеден аспайды.

Сонымен қатар үздік ұсыныстар корпоративтік байқауларға қатысады. Кәсіпорында тоқсанның үздік идеясы атанған ұсыныстың авторына 200 мың теңге сыйақы беріледі. Ал жыл қорытындысы бойынша үздік идеялардың авторларына аталымына қарай 1 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейін сыйақы қарастырылған.
SmartLab жұмыскерлерге өз кәсіпорнының дамуына тікелей атсалысуға мүмкіндік береді. Олар нақты өзгеріс ұсынып, өздерінің кәсіби тәжірибесін пайдаланады және енгізілген шешімнің нәтижесін көре алады.

Үздіксіз жетілдіру жүйесін дамыту – Қазақмыстың өндірістік қауіпсіздігін, тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған жұмысының бір бөлігі. Компанияның мақсаты – жұмыскердің пайдалы бастамасы жай ғана ұсыныс күйінде қалмай, идеядан нақты өндірістік шешімге дейінгі жолдан өтуіне мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру.10:15



