Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс өндірістік медицина саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Жезқазғанда «Өнеркәсіптік медицина – инновациялық технологиялар, цифрландыру, алдын алу, тұрақтылық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, ERG және QarMed компанияларының мамандары қатысты. Кездесуде өнеркәсіптік медицина саласында тәжірибе алмасу, заманауи медициналық технологияларды енгізу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.



Конференция өнеркәсіптік медицина мамандарына арналған кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ретінде тиімділігін дәлелдеген жыл сайынғы шеберлік сабақтарының заңды жалғасы болды. Биыл іс-шараның форматы кеңейтіліп, оған алғаш рет ERG және QarMed компанияларының медициналық қызмет басшылары, Әлеуметтік саясат департаментінің өкілдері, сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кәсіпорындары медицина бөлімінің мамандары мен дәрігер-профпатологтары қатысты.

Конференция барысында қатысушылар қазіргі өнеркәсіптік медицинаның алдында тұрған сын-қатерлерді, медициналық үдерісті цифрландыру, кәсіптік аурулардың алдын алу, жұмыскерлерді медициналық сүйемелдеуді жетілдіру және өндіріске инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Конференцияда практикалық тәжірибе алмасуға, өндірістегі нақты кейстерді талқылауға және өнеркәсіптік кәсіпорындарда медициналық көмекті ұйымдастырудың үздік тәжірибелерін зерделеуге ерекше көңіл бөлінді.



Конференцияда қабылданған негізгі шешімдерінің бірі бірлескен жұмыс тобын құру болды. Мамандардың алғашқы жұмыс сапары ERG кәсіпорындарына жоспарланды. Шара шеңберінде қатысушылар қолданыстағы өнеркәсіптік медицина жүйесімен танысып, үздік тәжірибелерді зерделейді және ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайды.

Бірлескен жұмыстың басым міндеттерінің қатарына шалғайдағы өндірістік нысандарда шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесін дамыту, өнеркәсіптік медицинаның бірыңғай цифрлық ақпараттық жүйесін құру, кәсіптік аурудың алдын алу және ерте анықтау жүйесін жетілдіру, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жұмыскерлерін медициналық оңалту бағдарламасын дамыту, сондай-ақ заманауи медициналық технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері енді.

Өнеркәсіптік медицинаны дамыту Қазақмыстың әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Компания жұмыскерлерді медициналық сүйемелдеу жүйесін жетілдіріп, заманауи технологияларды енгізуде, сондай-ақ еліміздің жетекші өнеркәсіптік компанияларымен ынтымақтастық аясын кеңейтіп жатыр. Мұндай тәсіл саланың үздік тәжірибелерін біріктіруге, медициналық көмектің сапасын арттыруға және жұмыскерлердің денсаулығын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.